Президенттің өкілеттігін өз ықыласымен беруі - тарихта сирек кездесетін оқиға - Бейсенбаев
АСТАНА. ҚазАқпарат - Конституциялық реформа мемлекетіміздің жаңа тарихын бастайды және халқымыздың берекесі, ынтымағы мен бейбіт өміріне кепілдік береді. Мұндай пікірді бүгін ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысында Сенат депутаты Асқар Бейсенбаев білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қазақ елі Тәуелсіздіктің ширек ғасырын абыройлы еңсерді. Бүгін бірлігі жарасқан халқымыз бар. Әлем елдері мойындаған еңселі, беделді мемлекетіміз бар. Тәуелсіздіктің 25 жылында атқарылған жетістіктердің қазіргі саяси жүйенің жемісі екендігі бәрімізге анық. Алайда әлем көз алдымызда өзгеріп жатыр. Аумалы-төкпелі әлем өзгерісті қажет етеді. Өзгермеген артта қалады. Осыны терең түсінген Елбасы тарихи бастамаға жол ашты. Қазақстанның дамуы үшін Конституцияға қажетті өзгерістерді ұсынды және оны бүкілхалықтық талқылаудан өткізуді тапсырды. Талқылауға қоғамның барлық өкілдері белсене қатысты және ұсыныстарын айтып, үндеуді қолдады», - деді ол.
Бейсенбаевтың атап өтуінше, бұл конституциялық реформа мемлекетіміздің жаңа тарихын бастайды және халқымыздың берекесі, ынтымағы мен бейбіт өміріне кепілдік береді. Мемлекеттігіміздің негізгі тірегі - президенттік басқару билігі сақталады.
«Қазақстанда президенттік басқару нысаны елімізді ұлтаралық араздықтан, саяси және әлеуметтік дағдарыстан қорғағаны баршамызға белгілі. Сондықтан президенттік билік нысаны еліміздің менталитетіне, халқымыздың сұранысына, заман талабын толық жауап береді. Халық қолдайтын Президенттің өз өкілеттігін өз ықыласымен беруі тарихта сирек кездесетін оқиға. Әлем тарихында заманынан озып туған, елінің дамуын өзгертіп, қуатты мемлекет ретінде әлемдік аренаға шығарған санаулы ғана саяси қайраткер бар. Олардың қатарында алақандай Сингапурды әлем алыбына айналдырған Ли Куан Ю, 5-ші республиканың негізін қалаған Шарль де Голль , жаңа түрік елін дамытқан Ататүрік, егемендігіміздің шаңырағын көтерген, тәуелсіз елімізді күллі әлемге мойындатқан, жаңа қазақ мемлекетінің архитекторы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев. Сондықтан Қазақстанның Тұңғыш Президенті Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тарихи рөлін Ата заңымызға бекіту туралы әріптесіміз Хаменованың ұсынысын толықтай қолдаймын», - деді сенатор.