Президенттің Парламентті таратуына қатысты кезектен тыс сайлау өткізілетін мерзімдер нақтыланды - Сенат
АСТАНА. 12 қыркүйек. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір конституциялық заңдарына конституциялық мерзімдерді есептеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңы қабылданды.
Парламент қабылдаған құжат Мемлекет басшысының қол қоюына жолданады.
Аталған құжат Конституциялық мерзімдерді есептеу мәселесі бойынша ҚР Конституциялық Кеңесінің 2012 жылғы қаулысын іске асыру мақсатында әзірленген. Бұл ретте заң жобасының мақсаты конституциялық мерзімдердің басталуын және аяқталуын есептеу тәртібін белгілеу болып табылады. Ал Әділет министрі Берік Имашевтың айтуынша, ҚР Конституциясында барлық жағдайларда онда көрсетілген мерзімдерді есептеудің басталуы мен аяқталуы белгіленбейді және қандай күннен немесе оқиғаның басталуынан мерзімді есептеу шаралары нақтыланбаған. Осыған орай, Конституциялық Кеңестің ресми түсіндіруімен бірқатар заң нормаларына конституциялық мерзімдердің басталуы мен аяқталуын есептеу тәртібін белгілеу ұсынылады.
«Атап айтқанда, «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» конституциялық заңның 69-бабының 3-тармағы екінші бөлікпен толықтырылады. Онда Республика Президентінің Парламентті тарату туралы актісі қолданысқа енгізілген күн депутаттардың кезектен тыс сайлауы өткізілуі тиіс мерзімнің басталуы кезі болып табылатындығы көзделеді. Бұл мерзім екі ай өткен соң аяқталады. Егер мерзімнің аяқталуына тиісті күн белгіленбеген айға тура келетін болса, онда мерзім осы айдың соңғы күнінде аяқталады», - дейді министр Берік Имашев.