Президенттің Телерадиокешені мамандарына үздік фильм үшін халықаралық марапат табысталды

АСТАНА. ҚазАқпарат – ҚР Президенті Телерадиокешенінің ұжымы дайындаған «Каспий итбалығы неліктен өліп жатыр?» деректі фильмі ақпанда өткен «Зилант» кинофестивалінде үздік атанған болатын. Ал бүгін аталған сыйлық елордаға жеткізіліп, туындыны дайындаған мамандарға табысталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Президенттің Телерадиокешені мамандарына үздік фильм үшін халықаралық марапат табысталды

Деректі фильмде соңғы 100 жылда Каспий итбалығының популяциясы 90% дейін азайғаны, олардың қырылу себептері баяндалған. Айта кетейік, осыдан 3 жыл бұрын Каспий итбалығы Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілді.

Бұл режиссер Ақылбек Шалжановтың ҚР Президентінің Телерадиокешенінде қызмет еткен жылдарында алған халықаралық деңгейдегі алғашқы марапаты. Деректі фильмді дайындауға шамамен жарты ай уақыт кеткен.


«Біріншіден, бұл – біздің еңбегіміздің бағаланғаны. Екіншіден, осы фильм арқылы мәселені халыққа жеткізгіміз келді. Бұл ТМД елдерінің өкілдері қатысқан ауқымды фестиваль. Марапат тек менің емес - бүкіл команданың еңбегі. Оған сценарий авторы - Константин Харламов, операторлар тобы, итбалықтарды зерттеу орталығының қызметкерлері атсалысты. Бірлесе зерттеу жүргіздік және «Каспий итбалығы неліктен өліп жатыр?» деген сұраққа жауап табуға тырыстық. Жалпы біз үшін ең басты марапат – бұл проблеманың көрермен санасына жеткенін сезіну», - деді режиссер Ақылбек Шалжанов «ҚазАқпарат» тілшісінің сауалына жауап бере отырып.


«Зилант» халықаралық кинофестивалі 25-26 ақпан аралғында Қазан қаласында өтті. Оның мақсаты - әлем елдерінің шығармашылық ұжымдарымен тәжірибе алмасу, балалар мен жастардың ой-өрісі мен зияткерлік деңгейін кеңейту.