Президенттің төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы басталды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен онлайн форматта Үкіметтің кеңейтілген отырысы басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Президенттің төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы басталды

Мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Берік Уәли бұған дейін хабарлағандай, онлайн форматта өтетін жиында елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының 2020 жылғы қорытындылары мен алдағы жоспары талқыланады.

Аккредитациядан өткен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері аталған іс-шараны «Қазмедиа орталығынан» таратқалы отыр.

Осыдан бір апта бұрын Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет басшысы Асқар Маминді қабылдаған болатын.

Кездесу барысында экономикалық өсімді қалпына келтіру, инвестиция тарту, халықты жұмыспен қамтуды қолдау, әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын тұрақтандыру және еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының басқа да өзекті мәселелері жөніндегі шаралар талқыланды.

Сондай-ақ, сол басқосуда Асқар Мамин Қасым-Жомарт Тоқаевқа 26 қаңтардағы Үкіметтің кеңейтілген отырысына дайындық барысы жайында айтқан еді.