Президенттік кадр резервінің мүшесі: бұл маған артылған сенім

Мадина Оспаналы
Фото: Мадина Оспаналының жеке мұрағатынан

АСТАНА. KAZINFORM – Президенттік жас кадрлар резервінің үшінші легіне өткен астаналық Мадина Оспаналыны сұхбатқа шақырып, жас кадрларды іріктеу барысы, мемлекеттік қызметтегі әйел адамдардың рөлі, жеке ұстанымы мен мақсаты туралы әңгіме өрбіткен едік.

Мадина Оспаналы — Алматы облысының тумасы. Алматыдағы Ж. Жабаев атындағы №161 лицейдің түлегі. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ді қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша меңгерген.

«Мұғалім ел ертеңі болар жастарға тәрбие мен білім беретін тұлға ғой. Менің де ойым, бір баланың көкірегіне білім нұрын құя алсам, ізгіліктің дәнін еге алсам, бағыт-бағдар бере алсам - мақсатыма жеткенім. Ал мемлекеттік қызмет менің арман-мақсатым болды деп айта алмаймын. Елге қызмет ету үшін мемлекеттік қызметкер болу шарт емес. Десе де, мүмкіндік болып жатса, неге істемеске?» - деді Мадина Оспаналы.

Сондай-ақ, спикер Президенттік жас кадрлар резерві қатарына қалай қосылғанын айтып берді.

Мадина Оспаналы
Фото: Мадина Оспаналының жеке мұрағаты

«Бұрын мемлекеттің басқару ісіне араласу үшін сенің соған сай жүріп өткен жолың, мемлекеттік қызметте әжептәуір тәжірибең болуы керек болатын. Былайша, ол ұзақ жол. Ал резерв – көпір, яғни өзінің білімі мен қарым-қабілетін көрсетіп, өзін дәлелдей білген озық ойлы жастарға берілген мүмкіндік деуге болады. Іріктеуге жасы 35-ке толмаған, жоғары білімі бар, еңбек өтілі 5 жылға толған, мемлекеттік тілді білетін ҚР азаматы қатыса алады. Іріктеу төрт айға жуық болды, 8 кезеңнен тұрды.

Құжат жинаған соң, мемлекеттік тілді білу деңгейін анықтайтын сынақтан өттік, одан кейінгі кезеңдерде мәтінмен, сандық ақпаратпен жұмыс істей алу, ситуациялық тапсырмаларды шешу, құзіретімізді көрсету, жоба қорғау, сұхбат, тағы басқа кезеңдер болды. Жалпы іріктеу туралы толық ақпаратты резервтің сайтынан алуға болады. Тіркелгенде Қазақстанның мемлекеттік басқару құрылымына сәйкес алты саланың біреуін таңдау керек. Менің таңдағаным – әлеуметтік саясат және азаматтық қоғам саласы. Мені мемлекеттік тілдің жайы, білім мен ғылым мәселесі толғандырады», - дейді ол.

Жас маман Президенттік кадр резерві қатарында болу әсерімен бөлісті.

«Тізімнен аты-жөнімді көргенде қатты қуандым десем, артық айтқаным болар. Менен гөрі ата-анам қаттырақ қуанған сияқты, өйткені ата-ана үшін баланың титтей жетістігінің өзі зор қуаныш қой. Бірақ, әрине, қаншама адамның ішінен 50 жас кадрдың тізіміне іліккеніме іштей қуандым. Бұны, ең алдымен, маған артылған сенім деп білемін. Ал жауапкершіліктен қорқудың қажеті жоқ, ең алдымен, адамның өз ар-ұятынан басталады», - деп толықтырды жас кадр.

Мадина Оспаналыға мемлекеттік қызмет саласында жұмысқа шақырған бірнеше ұсыныс түскен.

«Жас кадрлардың қызметке орналасу ісін Мемлекеттік қызмет істері агенттігі ұйымдастырып жатыр. Ұсынылып отырған қызметтер негізінен өзіміз таңдаған бағытқа сай. Мысалы, маған мемлекеттік тілді дамыту бағытындағы мекемелер мен түрлі білім басқармаларынан ұсыныс түсті. Министрліктер де шақырды. Жас кадрларға таңдау еркі беріліп отыр. Қазір ұсыныстарды қарастырып жатырмын. Бұл жерде мәселе ұсынылған қызметтің басқару лауазымы болу-болмауында емес, менің осы уақытқа дейін жиған білім-тәжірибемнің қай тұста көбірек пайдалы болатынында», - дейді жас кадр.

Соңғы жаңалықтар