Президенттік орталықта «Алғашқы қоңырау» рәсімі өтті

АСТАНА. KAZINFORM – ҚР Президенті Іс Басқармасының Президенттік орталығында елорданың болашақ бірінші сынып оқушылары үшін Конституция және Білім күніне арналған мерекелік сабақ өтті.

Алғашқы қоңырау
Фото: ҚР Президенттік орталығы

Шараға Астананың №96 мектеп-гимназиясының 30-дан астам оқушысы қатысты.

Алғашқы қоңырау
Фото: ҚР Президенттік орталығы

Мерекелік сабақ отансүйгіштік, туған елге сүйіспеншілік сезімін қалыптастыруға және тәрибелеуге, сондай-ақ балалардың Қазақстан туралы білімдерін жинақтап-жүйелеуге, республиканың мемлекеттік рәміздеріне деген құрметті көзқарасты дамытуға бағытталған.

«Балалар – біздің болашағымыз. Бұл туралы Президентіміз де айтып жүр. Конституцияда жазылғандай, еліміздің ең негізгі байлығы – адам, оның құқықтары мен бостандығын қорғауға міндеттіміз. Сондықтан еліміздің ертеңі – жас бүлдіршіндерге ақ жол тілеу мақсатында бүгінгі шараны ұйымдастырдық. Отанын, елін, туған қаласын сүюге бағыттайтын балалар шығармашылығын ұйымдастыруда Президенттік орталық пен елордалық білім ордалары арасында жылдар бойғы тұрақты әріптестік қатынас орнаған», - деді ҚР Президенттік орталығының директорының орынбасары Серік Сыдықов.

Алғашқы қоңырау
Фото: ҚР Президенттік орталығы

Бұл ретте Президенттік орталық музейін кез келген адам тегін тамашалай алады. Әсіресе, орталық мектеп оқушылары мен қала қонақтарын асыға күтеді.

Мерекелік сабаққа қатысушылар өз білімдері мен өнерін көрсетіп, Қазақстан туралы ән шырқап, хореографиялық қойылым көрсетті.

Сабақ соңында бүлдіршіндерге арналған алғашқы қоңырау соғылды, бұл олардың өміріндегі жаңа және маңызды кезеңнің басталуын білдіреді.

Алғашқы қоңырау
Фото: ҚР Президенттік орталығы

Мерекелік шара соңында кішкентай қатысушыларға алғашқы сабақтан естелік ретінде сыйлықтар табысталып, гимназия ұстаздарына алғыс хаттар берілді.

Айта кетейік, елордалық білім басқармасының мәліметінше, Астанада жалпы 187 мектеп бар. Жаңа 2024-2025 оқу жылында елорда мектептеріне 28 мыңға жуық бала қабылданады.