Президенттік орталықта отбасы құндылықтары насихатталды
АСТАНА. KAZINFORM – ҚР ПІБ Президенттік орталығында Тәуелсіздік күніне арналған «Менің отбасымның тарихы – Отанымның тарихы» атты дәстүрлі шежіре фестивалі өтті.

Фестиваль Президенттік орталықтың бастамасымен, Астана әкімдігінің Әдістемелік орталығы мен мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының ұйымдастыруымен үш жылдан бері өтіп келеді.

− Бүгінгі іс-шараның негізгі мақсаты – өсіп келе жатқан ұрпаққа патриотизм сезімін сіңіру және ұлттық дәстүрлерді сақтау. Бала тәрибесіне бей-жай қарамайтын ата-аналарға ризашылығымзды білдіреміз. Елімізде ең басты құндылық – адам, адамның бостандығы. Конституциямыз бойынша, неке, отбасы, әке, ана, бала мемлекеттің қорғауында, бала тәрбиесі үшін әрине ата-ана жауапты, бірақ мемлекеттің негізгі мақсаты – осы құндылықтарды жас ұрпақтың бойына сіңіру. Бұл руға бөліну емес, себебі жеті атасын білген азамат жеті рудың қамын жейді. Бүгін бүлдіршіндер ата-бабасының жетістігін айтып жатыр, бұл да ұрпақ үшін өнеге деп ойлаймын, – деді ҚР Президенттік орталығының директоры міндетін атқарушы Серік Сыдықов.
Мерекелік шарада елордалық балабақшалардың тәрбиеленушілері мен олардың туыстары өз отбасының тарихын шығармашылықпен таныстырып, «Жеті ата» шежіре ағашын таныстырды.

− Ән саламыз, бізден кейінгі жастарға ынтымақты дәріптеген дәстүрлі шара деп ойлаймын. Сондықтан, бүгінгі фествиальге қатысқан барша жанға сәттілік, отбасыға таусылмайтын тәтті үміт тілейміз. Келіншегім әнші, өзім ақындыққа жақынмын, қыздарымызбен бірге сахнада өнерімізді көрсеттік. Балаларымыздың осындай қоғамдық, мерекелік шараларына жиі қатысуға тырысамыз, - дейді Жылқыбаевтар отбасы.

Фестиваль қорытындысы бойынша Жылқыбаевтар отбасы (№53 «Мерей» балабақшасы) «Үлгілі отбасы» номинациясымен, Мешелдер (№92 «Жауқазын» балабақшасы) – «Ұлттық құндылықтарды насихаттаушы отбасы», Зұлпұхаровтар – (№74 «Дәурен» балабақшасы) – «Тарихы терең отбасы», Тұрсынбаевтар (№67 «Шұғыла» балабақшасы) – «Өнерлі отбасы» аталымдарымен марапатталды.
Сондай-ақ, «Тату отбасы» номинациясы – Бәубековтар отбасына (№58 «Өркен» балабақшасы), «Өнегелі отбасы» номинациясы – Темірхановтарға (№35 «Ертегі» балабақшасы) және «Мерейлі отбасы» номинациясы – Аслан отбасына (№5 «Ақбота» балабақшасы) берілді.


Барлық қатысушыларға дипломдар мен естелік сыйлықтар табысталды. Балабақша басшылары мен тәрбиешілеріне ҚР Президенттік орталығының атынан алғыс хаттар тапсырылды.