Президенттік саябақтың тротуарында көлігімен жүрген жүргізуші қамауға алынды
АСТАНА. KAZINFORM – Астанада Президенттік саябақ аумағында автокөлікпен жаяу жүргіншілер жолына шыққан азамат 10 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.
Іс Астана қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қаралды.
Сот мәліметінше, азамат Б. түнгі уақытта көлікпен Президенттік саябақ аумағындағы жаяу жүргіншілерге арналған тротуармен жүрген.
«Осы әрекеті арқылы ол айналасындағыларға анық құрметсіздік танытып, азаматтардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіріп, қоғамдық тәртіпті бұзған», – деп хабарлады сот.
Кейін оқиғаның бейнежазбасы әлеуметтік желілерде жарияланып, көпшілікке тараған.
Сот отырысында құқық бұзушы кінәсін толық мойындап, тротуарға әдейі шықпағанын және онда көлікпен жүруге тыйым салынғанын білмегенін айтқан. Сондай-ақ бейнежазбаны оның танысы түсіргенін мәлімдеді.
Бұдан бөлек, азамат Б. көлік құралын басқару құқығы болмай тұрып және тиісті құжаттарсыз көлік жүргізгені үшін ӘҚБтК-нің 612-бабының 2-бөлігі бойынша да әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
«Сот құқық бұзушылықтың қасақана және көрсетіп жасалғанын, оның әлеуметтік желілер арқылы көпшілікке жарияланғанын, сондай-ақ құқық бұзушының бұған дейін де бірнеше рет әкімшілік жауаптылыққа тартылғанын ескерді», – делінген хабарламада.
Нәтижесінде сот азаматқа 10 тәулік мерзімге әкімшілік қамаққа алу түріндегі жаза тағайындады.
Қаулы заңды күшіне енген жоқ.
Айта кетейік, полиция арнайы рейд барысында жалған нөмір таққан 500-ден астам көлікті анықтады.