Президенттік жастар кадрлық резервінен қызметке орналасқан 10 түлек

АСТАНА. KAZINFORM – ҚР Президенті жастар кадрлық резервінің беделді тізімінен орын алғаннан кейін жастардың мансабында қарқынды өсу мүмкіндігі бар. Kazinform агенттігінің тілшісі еліміздің мемлекеттік органдары мен квазимемлекеттік секторындағы лауазымдарға тағайындалған Президенттік жастар кадрлық резерві өкілдерінің топтамасын жасады.

 кадрлық резерв
Фото: Ақорда

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің ақпаратынша, 2023 жылғы Президенттік жастар кадрлық резервінің өкілдері бірқатар лауазымға тағайындалды.

Осылайша, Қуаныш Бердіхан Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Мемлекеттік қызмет бөлімінің консультанты болып тағайындалды. Ол бұған дейін Түркістан облысы әкімі аппаратының жиынтық-талдау және жалпы мониторинг бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарған.

Қуаныш Бердіхан
Фото: instagram.com/prokadrykz

Тағы бір резервші Нұржан Баймурзин Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің бағалы қағаздар нарығы департаменті басшысының орынбасары болып тағайындалды. Бұл қызметке тағайындалғанға дейін ол аталған департаменттің Заң бөлімінде бас маман болып жұмыс атқарған.

Нұржан Баймурзин
Фото: instagram.com/prokadrykz

Жәнібек Ерубаев Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Қауіпсіздік кеңесі жанындағы ахуал орталығының консультанты қызметіне тағайындалды. Бұған дейін ол «Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы» РМК Қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы Төтенше жағдайлар жөніндегі жедел орталығының директоры қызметін атқарған.

Жәнібек Ерубаев
Фото: instagram.com/prokadrykz

Манат Мұтан Көлік министрлігінің «Қазаэронавигация» РМК Жедел жоспарлау және әуе қозғалысын басқару департаменті бастығының орынбасары қызметіне тағайындалды. Бұған дейін аталған кәсіпорынның диспетчері қызметін атқарған.

Шыңғыс Сейдалиев «ҚМГ Қашаған Б.В.» жауапкершілігі шектеулі жеке компаниясы филиалының бас бухгалтері болып тағайындалды.

Шыңғыс Сейдалиев
Фото: instagram.com/prokadrykz

Кеше Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова ведомство ұжымына «Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» АҚ-ның жаңа бас директоры Айбол Арғынғазиновты таныстырды. Ол 2022 жылдан бастап Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Бюджеттік кредиттеу, Қазақстан Республикасы Ұлттық қоры және қаржы секторы мәселелері жөніндегі өзара іс-қимыл департаментінің директоры қызметін атқарды.

Айбол Арғынғазинов
Фото: Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры

2023 жылдың соңында Жаннат Дубирова ҚР Индустрия және құрылыс вице-министрі болып тағайындалды. Ол 2022 жылдан бастап ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросы басшысының орынбасары қызметін атқарды.

Жаннат Дубирова
Фото: primeminister.kz

Резервист Нұрбол Жаңабеков 2023 жылдың тамызында ҰЭМ Кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау және қорғау департаментін басқарды. Ол 2022 жылдың маусым айынан бастап Атырау облысының кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы қызметін атқарды.

Нұрбол Жаңабеков
Фото: ҚР ҰЭМ баспасөз қызметі

Элина Паули 2023 жылдың басында ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Қоғамдық келісім» РММ директоры болып тағайындалды. Ол бұған дейін ҚР Білім министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары қызметін атқарған.

Элина Паули
Фото: assembly.kz

Резервист Юлия Овечкина бірнеше жылдан бері ҚР Парламенті Мәжілісінің Балалардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары қызметін атқарып, балаларды әлеуметтік қолдау бөліміне жетекшілік етіп жүр.

Юлия Овечкина
Фото: ҚР Оқу-ағарту министрлігі

Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың өңірлік кадрлық резервіне іріктеу 1 наурыздан басталады. Іріктеуге 35 жастан асқан, жоғары білімі бар, кемінде 3 жыл еңбек өтілі бар еліміздің азаматтары қатыса алады.

Соңғы жаңалықтар