Президенттің Германияға сапары ынтымақтастыққа қуатты серпін береді – ҚЗСИ ғылыми қызметкері

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Германияға сапары өзара тиімді ынтымақтастыққа қуатты серпін береді. Мұндай пікірді ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ Алматы қаласындағы өкілдігінің бас ғылыми қызметкері Ерболат Сейлеханов білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

тоқаев германияға барды
Фото: Виктор Федюнин/ҚазАқпарат

«Германия Қазақстанның Еуропалық одақтағы басты стратегиялық серіктесі. Оған мәселен Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл елге сапарларының жиілігі дәлел бола алады. Мемлекет басшысы ГФР-ге 4 жылдың ішінде үшінші рет барып отыр. Осы жылдың маусымында Федералды Президент Франк-Вальтер Штайнмайер бастаған өкілетті делегация келді», – деді ол.

Спикердің атап өтуінше, Қазақстан мен Германия арасындағы қарым-қатынас, оның ішінде барлық саладағы мемлекеттік байланыстар жоғары деңгейде қарқынды дамып келеді. 2005 жылдан бері Германия Қазақстан экономикасына 6 млрд доллар инвестиция салды. Бұл ретте инвестицияның 90 пайызы шикізаттық емес секторға құйылды.

«Германияның Орталық Азиямен тауар айналымының 80 пайыздан астамы Қазақстанға тиесілі. Сондықтан да Берлин Қазақстанды өңірдегі ГФР-дің басты серіктесі ретінде қарастырады. Президентіміздің осы жолғы сапары барысында осынау өзара тиімді қарым-қатынас мұнан ары да қуатты серпін алатындығына нық сенімдімін», – деді Ерболат Сейлеханов.