Президенттің Италияға сапары не берді – сарапшы пайымы
АСТАНА. KAZINFORM – Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Италия Республикасына алғашқы ресми сапары Орталық Азияға деген қызығушылық артып келе жатқанын тағы бір мәрте айғақтап, Римнің Астанамен қарым-қатынасын дамытуға ерекше қызығушылық танытып отырғанын байқатты. Бакудегі «Topchubashov» сараптама орталығының аға сарапшысы Kazinform тілшісіне осындай пайымын айтты.
«Қазақстанның Орталық Азияда аясындағы геосаяси маңызы географиялық тұрғыда стратегиялық аумақта жатқанымен, табиғи ресурстарға бай болуымен байланысты. Осындай бірегей басымдықтары бір шоғыр мемлекеттің Қазақстанға деген назары артқанын көрсетеді. Италия да соның бірі», - деді сарапшы.
Симона Скотти Италия мен Қазақстанның өзара қарым-қатынасы 2009 жылы стратегиялық әріптестік туралы келісімшартқа қол қойылған кезден бері үдеп келе жатқанын айтып отыр. Оның пайымынша, кейінгі жылдары Рим саясатында Орталық Азияға бағыт алған елеулі қозғалыс байқалып отыр.
«Бұл жаңа тәсіл бірнеше факторға байланысты. Оның ішінде бұл аймақтың көмірсутектен басқа да табиғи ресурстарға бай болуы да, стратегиялық және географиялық орны да, Еуропа мен Шығыс Азия арасын жалғап тұрғаны да, тектоникалық геосаяси процестер де бар. Аталған фактордың бәрі Орталық Азияның, оның ішінде Қазақстанның тұтас жаһандық саясаттағы маңызын салмақты ете түседі», - дейді сарапшы.
Саясаттанушы Италияның 2018 жылдан бері Қазақстан үшін ең бірінші кезектегі импорттаушы елге айналғанын еске салды. Өзара сауда айналымы бойынша Ресей мен Қытайдан кейін үшінші орын алып тұр.
«Бұл нәтижеге Каспий кеніштерінен экспортталған мұнайдың арқасында қол жетті. 1992 жылдан бері саладағы ауқымды жобаларға италиялық «Eni» компаниясы атсалысып келеді. Өз кезегінде Қазақстан да Италия үшін Орталық Азиядағы басты сауда әріптесі болып отыр. Қазақстан аумағында Италияның 300-ден астам компаниясы жұмыс істейді», - дейді маман.
Сондай-ақ, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 18-19 қаңтарда Италияға жасаған сапарын екі елдің байланысына жаңа серпін бергенін айтады.
«Бұл Қазақстан Президенті үшін Италияға жасаған алғашқы сапар болды және ол бірқатар жоғары деңгейдегі кездесулермен есте қалды», - дейді С.Скотти
Сарапшы осындай кездесулер кезінде энергетика саласын әртараптандырудың мүмкіндіктері талқыланғанына назар аударып отыр.
«Италияның Қазақстаның мұнайына деген қызығушылығы үйреншікті жайт. Бүгінгі таңда италиялық компаниялар балама энергетиканы дамытуға инвестиция дайын екендерін білдіріп отыр.
Президент Қ.Тоқаев екіжақты әріптестікті де әртараптандырудың маңызына тоқталды. Оның ішінде сирек кездесетін металдарды өңдеу, жасыл экономикаға көшу, цифрлық инфрақұрылым мен жаңа ауылшаруашылығын, өнеркәсіпті дамыту салалары да бар», - дейді ол.
С.Скотти Президентпен бірге барған делегацияның құрамында Энергетика, Өнеркәсіп және құрылыс, Ғылым және жоғары білім, Ауыл шаруашылығы министрлері болғанын айтады. Ал ірі бизнес өкілдерінің ішінде қазақстанды компаниялардан бөлек «Eni», «Leonardo», «Fincantieri» компаниялары болды.
«Италия Сыртқы істер министрлігі ұйымдастырған жұмыс сессияларының мемлекетаралық, қорытындысында Семь м коммерциялық келісімшартқа қол қойылды. Сондай-ақ, тараптар бірлескен іскерлік кеңес құруға уағдаласты. Сол арқылы экономикадағы байланыстарды тереңдетіп, жаңа инвестициялық мүмкіндіктерді іздеуге дайын екендерін аңғартты», - дейді ол.
Кездесулер кезінде Италияның Сыртқы істер министрі Антонио Тайани көлік секторының стратегиялық маңызын атап өтті. Соның ішінде Қазақстан аумағы арқылы Қытай мен Еуропаның арасын жалғайтын Транскаспий халықаралық маршруты (Орта дәліз – ред.) жобасының, маңызына арнайы тоқталды. Астана Қытай мен Еуропа елдерінің арасындағы сауда транзитінің 80%-ға жуығын қамты отырғанын ескерсек, Орта дәліз италиялық компанияларға орасан мүмкіндіктер ұсына алады.
«Қ.Тоқаев сапарының негізгі нәтижелерінің бірі «Eni» мен «ҚазМұнайГаз» компанияларының арасындағы Қазақстанда 247 мегаваттық гибридті электр стансасын салу туралы келісім болды. Бұл жоба қос тараптың аймақта технологиялық инновация мен орнықты даму саласында әріптестік орнатуға ниетті екенін аңғартады. Сондай-ақ, химия, тоқыма, тамақ өнеркәсібі сияқты өзге де салаларда бірлескен кәсіпорын салу туралы келісімдер жасалды», - деді сарапшы.
Симона Скотти пайымдауынша, Қазақстан Президентінің Италия астанасына жасаған сапары Орталық Азия елдерінің маңызы артып келе жатқанын, Римнің Астанамен қарым-ақатынасын дамытуға мүдделі екенін көрсеткен.
«Осының бәрін ескерсек, Италия мен Орталық Азия мемлекеттері өкілдерінің Римдегі С5+1 форматындағы кезекті кездесуі маңызды рөл атқарады», - деп түйіндеді саясаттанушы.
Оның сөзінше, геосаяси ширығыстың ушығуы және жаһандық транзит жолдарының осалдығы Еуропаның жетекші елдерін Орталық Азия елдерінің қауіпсіздігі мен тұрақтылығына барынша назар аударып, әріптестік сапасын жаңа деңгейге көтеруге мәжбүр етіп отыр.