Президенттің сайлауалды бағдарламасы: бір жылда ауыл мен ауыл шаруашылығы қалай дамыды

село
Коллаж Kazinform

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым» атты сайлауалды бағдарламасында Үкімет алдына еліміздің агроөнеркәсіптік кешенін дамыту бойынша бірқатар жаңа міндеттер белгіледі, деп хабарлайды Kazinform Үкіметке сілтеме жасап.

«Ауыл шаруашылығы экономиканың жаңа қозғаушы күшіне айналады. Алдағы жылдарда ауыл-аймақты өркендетуге басымдық береміз. Біз ауылдық жерді жұмыспен жаппай қамту үшін жағдай жасаймыз, ауыл тұрғындарының кәсіпкерлік бастамаларын қолдаймыз. Тұрғындарға жер қолжетімді болады. Ол үшін ірі жер иелерінен пайдаланылмайтын жер телімдерін мемлекет меншігіне қайтару жұмыстарын жандандырамыз», — делінген сайлауалды бағдарламада.

Мемлекет басшысы атап өткендей, су үнемдейтін тиімді технология енгізіп, мелиорация және суару жүйесін қалпына келтіру керек. Сонымен қатар мемлекет ауыл шаруашылығы кооперативтерін ұйымдастыру бойынша кең ауқымды жобаны іске асырып жатыр.

«Кооперативтер егістіктен дүкен сөресіне дейін өнімді тікелей жеткізуші болады. Тиімсіз делдалдардан арыламыз», — делінген құжатта.

Президенттің сайлауалды бағдарламасы аясында Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешенін дамыту бойынша бір жыл ішінде жүргізілген жұмыстар баршылық. 

лизинг
Фото: Kazinform

Жеңілдетілген лизинг бағдарламасы аясында шаруалар 40 млрд теңгеге 1053 комбайн мен трактор сатып алды.

2,8 мың бірлік мал азығын жинау техникасын сатып алуға 20 млрд теңге бөлінді.

8 млн гектар пайдаланылмай жатқан жер мемлекетке қайтарылды.

● Ауыл шаруашылығы кооперациясын дамыту және ауыл тұрғындарының табысын арттыру мақсатында «Ауыл аманаты» жобасы жүзеге асырылуда. Жоба аясында республикадағы барлық жеке қосалқы шаруашылықтың жартысын кооперативтік кәсіпкерлікке тарту, шағын несие беру есебінен 350 мыңнан астам жұмыс орнын құру және өткізу нарығына шығуды қамтамасыз ету көзделіп отыр. 1 млн-нан астам ауыл тұрғынын қамтитын жобаны жүзеге асыруға барлығы 1 трлн теңге қарастырылған.

ауыл аманаты
Фото: Kazinform

2023 жылы республикалық бюджеттен 17 мың шағын несие беру үшін 100 млрд теңге бөлінді. Бұл ауылдық жерлерде 18 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Бүгінде Шығыс Қазақстан, Қостанай және Павлодар облыстарында қаражат толығымен игерілді. Басқа өңірлерде жұмыс жалғасуда.

● Елді сумен қамтамасыз етуге қатысты өзекті мәселелерді шешуді көздейтін жаңа Су кодексінің жобасы әзірленді. Жоба сумен жабдықтау, су бұру, суару мәселелері, су шаруашылығы нысандарының қауіпсіздігі сияқты көптеген бағыттарды қамтиды.

су шаруашылығы
Фото: Kazinform

Елдің су шаруашылығы жүйесін жаңғырту жұмыстары жалғасын тауып келеді. Мәселен, 2025 жылға дейін Жамбыл, Қызылорда, Алматы, Ақмола және Батыс Қазақстан облыстарында сыйымдылығы 1 700 млн м3 болатын жаңа 9 су қоймасын салу жоспарланып отыр. Оны ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіпте пайдалану жоспарланған.

Екінші кезеңде Ақтөбе, Қызылорда, Шығыс Қазақстан және Қарағанды облыстарында 705 млн м3 астам суға арналған 11 су қоймасын салу қарастырылған.

Сонымен қатар республикадағы суармалы ауыл шаруашылығы алқаптарының жалпы ауданын 1,8 млн гектардан 2,5 млн гектарға дейін ұлғайту, қолданыстағы 15 су қоймасы мен 3,5 мың шақырым суару желілерін күрделі жөндеу, сондай-ақ 212 каналдың суды есепке алу жүйесін цифрландыру жоспарланып отыр.

сайлауалды бағдарлама
Фото: Kazinform

 

Соңғы жаңалықтар