Приозерск қаласындағы тұрғын үйлерге жылу беру мәселесі 27 қаңтарға дейін шешіледі - ТЖМ

АСТАНА. 17 қаңтар. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Приозерск қаласындағы тұрғын үйлерді жылу жүйесіне қосу кестесі бойынша 27 қаңтарға дейін барлық пәтерлерге жылу берілуі тиіс.

Приозерск қаласындағы тұрғын үйлерге жылу беру мәселесі  27 қаңтарға дейін шешіледі - ТЖМ

Бұл туралы бүгін осы мәселеге байланысты журналистермен арнайы баспасөз-мәслихатын өткізген Төтенше жағдайлар саласы Апаттық-құтқару қызметтерінің күштері мен құралдары басқармасының бастығы Алексей Советов мәлім етті.

Оның сөзіне қарағанда, Қарағанды облысына қарасты Приозерск қаласында осы уақытқа дейін жайсыз жағдай қалыптасты. Аталмыш қалада барлығы 69 көпқабатты тұрғын үй бар. Олардың 19-ы 1990 жылдардан бері орталық жылу жүйесіне қосылмаған. «29 желтоқсан күні қаланың жылу жүйесінде орын алған апаттың салдарынан 50 тұрғын үй жылусыз қалды. Апаттың салдарынан қаладағы 4 жылу қазандығының 1- уі бұзылып, жылу жүйесіндегі температура 39 градусқа дейін төмен түсіп кетті. 30 желтоқсан күні арнайы жүргізілген жөндеу жұмыстарынан соң 4-қазандық толық іске қосылып, 50 тұрғын үй мен 5 мектеп және 4 балабақшаны қосқанда 45 әкімшілік ғимаратында жағдай қалыпқа келді», - деді басқарма бастығы.

Оның мәліметінше, алайда 2 қаңтар күні тағы бір қазандық істен шығып, жылу жүйесіндегі температура қайтадан төмендеп кеткен. Қазіргі таңда аймақта Төтенше жағдайлар министрлігінің жедел өкілдері жұмыс істеп жатыр. «Олардың мәліметтері бойынша, қаладағы барлығы 2 мың 408 пәтердің 479-на жылу әлі берілмеген. Төтенше жағдайлар саласының өкілдері жағдайды реттеу үшін қолдан келгеннің барлығын жасауда»,-деді басқарма бастығы.