Пробация офицері қызметі тиімділігін көрсетті - Сәуле Мектепбаева

АСТАНА. ҚазАқпарат - Пробация офицері қызметі тиімділігін көрсетті Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында «Қазақстандағы қылмыстық сот төрелігін жетілдіру» жобасының (EUCJ) операциялық жетекшісі Сәуле Мектепбаева атап өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Пробация офицері қызметі тиімділігін көрсетті - Сәуле Мектепбаева

«Жоба аясында жоспарланған міндеттерден басқа, біз серіктестерге даму үшін тиімді өзгерістерді басқару әдіснамасы мен жүйесін енгізуге көмектестік. EUCJ - Бас прокуратураға, Ішкі істер министрлігіне және тиісті академияларға институционалдық өзгерістер саласында сараптамалық қолдау көрсететін алғашқы жоба», - деді Сәуле Мектепбаева аталған жобаның үшжылдық нәтижесіне арналған жиында.

Оның айтуынша, қылмыстық-атқару жүйесіндегі заң бұзушылардан туындайтын қатерді бағалау жүйесі және пробация офицерлерінің сотпен жұмыс істеу механизмдері алғаш рет EUCJ жобасы қолдауымен сынақтан өткізілген.

«Еліміздің үш өңірінде, атап айтқанда Баянауылда, Қарағанды облысында және Астана қаласында қолға алынған ілкі жобамыздың аясында алғаш рет пробация офицерлері тәуекелдерге бағалау жүргізді. Яғни, құқық бұзушының қайтадан жат әрекеттерге бару-бармау мүмкіндіктерін бағалады. Аталған бағалау негізінде олар сотқа баяндама жасады. Осылайша олар құқық бұзған адамның сол бір нақты әрекетіне қандай жаза тағайындау дұрыстығын айтты. Қазақстан тарихында пробация офицерінің сот алдында сөз сөйлеп, баяндама жасауы осылайша алғаш рет орын алды. Бұл жобаның жетістерінің бірі»,- деді ол.

Іс-шараға Қазақстан Республикасындағы Еуропалық Одақ Өкілдігінің ынтымақтастық бөлімінің басшысы Йоханнес Стенбек Мэдсен, EUCJ жобасының басшылары Сәуле Мектепбаева және Билл Мейзер, сонымен қатар Тильбург университетінің виктимология профессоры Ян Ван Дайк қатысты.

EUCJ жобасының мақсаты - Қазақстан үкіметіне халықаралық стандарттарға сәйкес қылмыстық сот төрелігін реформалауға көмектесу.

Фото: www.kazpravda.kz