«Пробация туралы» дербес заң жобасын әзірлеу қажет - Мәжіліс

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитеті Ішкі істер министрлігінің Қылмыстық-атқару жүйесі комитетімен және Орталық Азиядағы Халықаралық түрме реформасымен (PRI) бірлесіп, Қазақстан Республикасындағы пробация қызметін одан әрі дамыту мәселелері бойынша сараптамалық кездесу өткізді. Басқосу негізінен Елбасы айқындаған Ұлт жоспарының 33-ші қадамын жүзеге асыру мәселелері талқыланады. Бұл туралы Мәжілістің баспасөз қызметінен хабарланды.

«Пробация туралы» дербес заң жобасын әзірлеу қажет - Мәжіліс

Еске салайық, Қазақстанда пробация қызметі 2012 жылғы ақпан айында «Қазақстан Республикасының кейбiр заңнамалық актiлерiне пробация қызметi мәселелерi бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы» заңына сәйкес енгізілген болатын. Ал жаңа Қылмыстық және Қылмыстық-атқару кодекстерінде сотталғандардың бостандығын шектеуге, бас бостандығынан айыру орындарынан шартты түрде мерзімінен бұрын босатылғандарға қатысты пробациялық бақылау белгілеу және сот оларға қатысты әкімшілік қадағалау белгілеген босатылған адамдардың әлеуметтік-құқықтық көмек алуына жәрдем көрсету көзделген. «Әлемдік тәжірибеде пробацияның төрт (сотқа дейінгі, шарттық-үкімдік, пенитенциарлық және постпенитенциарлық) сатысының бар екендігін атап өту керек. Бүгінгі күні Қазақстанда пробацияның шарттық-үкімдік және постпенитенциарлық сатысы жұмыс істейді. Аталған шара барысында Қазақстандағы пробация институтын дамытудың перспективасы талқыланып, негізінен пробацияның барлық сатысы көзделетін «Пробация туралы» дербес заңды әзірлеу қажеттілігі туралы мәселелер көтерілді», - делінген баспасөз баянында. Шараға Мәжіліс депутаттарынан бөлек Халықаралық түрме реформасы ұйымының өкілдері, Жоғарғы Соттың, Бас Прокуратураның, Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің, жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлері, сондай-ақ халықаралық сарапшылар қатысты.