Проблемалы нысандардың құрылысын аяқтауға мемлекет бөлген қаражатты құрылыс салушылар мақсатсыз жұмсауда - Бас прокуратура

деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Тексерулердің нәтижесі көрсеткендей, құрылыс салушылардың қаражатты жалған кәсіпорындарға аударуы, ақшаны мақсатсыз пайдалану деректері көп кездесті. Осының салдарынан азаматтар мемлекет кепілдік берген тұрғын үйге құқықтарын толығымен жүзеге асыру мүмкіндігінен айырылып отыр.
Сондай деректердің бірі Алматы қаласындағы «Тау Самал» тұрғын үй кешенінің құрылысын жүргізуші «Хедер сфинкс» ЖШС-ін тексеру кезінде анықталды. Компания құрылысты аяқтауға бөлінген мемлекеттік қаражаттың 18,2 млн. теңгесін уәкілетті мемлекеттік органдардың бақылауынан шығарып, қолма-қол ақшаға айналдырған.
Аталған серіктестік заңды мекен-жайы бойынша жоқ болып шықты. Ал оның құрылтайшысы іс жүзінде кәсіпорын қызметіне ешқандай қатысы жоқ азамат екендігі анықталды.
«Осы тәрізді, «Zima-2007» ЖШС басшылары «Нұр Отау» тұрғын үй кешенінде құрылыс, жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін қала бюджетінен бөлінген қаражаттың 20 млн. теңгесін қолды қылған. Тексеріс барысында серіктестіктің тіпті құрылыс жұмыстарын жүргізуге лицензиясы жоқ екендігін көрсетті. Бұл кәсіпорын да заңды мекен-жайы бойынша жоқ, оның басшысы мен құрылтайшысын іздестіру кезінде оларды табу мүмкін болмады», дейді ресми өкіл.
Брифинг барысында Н.Сүйіндіков, мемлекеттен үлестік құрылыс мақсаттарына бөлінген қаражаттарды мақсатсыз пайдалану фактілерін де атады.
Астана қаласындағы «Эверест» тұрғын үй кешенінің кұрылыс компаниясын тексеру кезінде, кәсіпорын мемлекеттен бөлінген қаржының 315 млн. теңгесін өзінің бұрынғы несиелерін жабуға және «Эверест» кешеніне жатпайтын нысандарда жұмыстар атқарған қосалқы мердігерлердің алдындағы берешектерін өтеуге жұмсағандығы белгілі болды.
Осындай жағдайлардың бірі Алматы қаласындағы «Жетісу» тұрғын үй кешенін салушы «Нико» ЖШС-нде де орын алған. Аталмыш кешеннің құрылысын аяқтауға бөлінген мемлекеттік қаражаттың 6 млн. теңгесі басқа коммерциялық құрылымға уақытша қаржылық көмек ретінде берілген. Ал ол ұйым ақшаны белгіленген мерзімінде қайтармаған. Жалпы тексерулер кезінде құрылысшылардың 110 млн. теңгеден астам қаражатты заңсыз қолма-қол ақшаға айналдыруының, 1 млрд. астам теңгені мақсатсыз пайдалануының белгілері анықталды.