Профессор Х.Әбжанов «Тарих» телеарнасын ашуды ұсынды
АСТАНА. 6 маусым. ҚазАқпарат - Бүгінде бізге «Тарих» телеарнасын ашу қажет. Кеше Астанада өткен Қазақстанның ұлттық тарихын зерделеу жөніндегі ведомствоаралық жұмыс тобының кеңейтілген отырысында (Жалпыұлттық кеңес) Шоқан Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының директоры, профессор Хангелді Әбжанов осындай ұсыныс жасады.
Ғалым атап көрсеткендей, қазіргі кезде тарих білімін насихаттауға барлық жағдай жасалған. «Мәселен, жақында ашылған «Білім» мен «Мәдениет» арналары үлгісінде «Тарих» телеарнасын неге ашпасқа? Қазіргі кезде ондай арналар ТМД мемлекеттерінде де бар. Ол арқылы тарих ғылымы саласындағы инновацияларды көрсетіп, ғалымдардың зерттеу жұмыстарын жан-жақты көрсетуге болар еді», - дейді Х.Әбжанов.
Айта кетейік, қазіргі кезде спутниктік жүйеде тарихи арналар баршылық. Мәселен, көрші Ресейдің «Теледидардың 365 күні» сияқты арнасы жұмыс істеп тұр.