Профессор Зиябек Қабылдинов: Алаш идеясы - Қазақстан азаматтарының бірігу идеясы

АСТАНА.ҚазАқпарат - Алаш партиясының 100 жылдық мерейтойын атап өту - Алаш зиялыларының еңбегіне құрмет-қошемет көрсету ғана емес, олардың айтып кеткен тың ойлары мен өміршең идеяларын тиімді пайдалану, кәде қылып жарату. Алаш партиясының құрылғанына 100 жыл толуына орай, Астанада өткен халықаралық конференцияда Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры тарих ғылымдарының докторы, профессор Зиябек Қабылдинов осылай деп пікір білдірді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
None
None

Профессор конференция барысында «Алаш қозғалысы және тарихи сана» баяндамасында «Рухани жаңғырудың» басты мақсаты мен мәні ұлттық кодты қайтарып, салт-дәстүрімізді гүлдендіріп, тарихымызды зерделеп, Қазақстанды дамыған 30 елдің қатарына қосу екенін атап өтті.

«Бұл мерейтойды атап өту Алаш зиялыларының еңбегіне құрмет-қошемет көрсету ғана емес, олардың айтып кеткен тың ойлары мен өміршең идеяларын тиімді пайдалану, кәде қылып жарату. Алаш идеясы Қазақстан азаматтарының бірігу идеясы, болашаққа жылжудың айқын бағыты, бірлігімізді бекемдей түсетін ұлы жол деп білуіміз керек. Алаш идеясы бекерден-бекер пайда болған жоқ. Біріншіден, бұл қазақ даласына Ресей патшалығы әбден орнығып, патша үкіметі Қазақстан жерін мемлекеттік деп жариялап, ең шұрайлы жерлерін тартып ала бастады. Шоқындыру саясатын күшейтті. Үшіншіден, қазақтар мемлекеттік думада сайлау құқығынан айырылды. Қазақтар ең төмен сатыда тұрды. Бесіншіден, қазақ ежелгі дәстүрінен айырыла бастады. Осының барлығы қазақ зиялыларының намысына тимей қоймады. Осы себепті Орта Азия елдерінде ең мықты Алаш қозғалысы дүниеге келді», - дейді Зиябек Қабылдинов.

Профессордың айтуынша, сонау қиын кезеңде ұлт мүддесі жолында қазақтың оқыған, ұлтшыл, патриоттары алға шыққан. ХХ ғасырда ұлы реформаторлар Әлихан, Ахмет, Міржақып ұлтты азаттыққа бастаған.

«Алаш зиялыларында бөліну деген болмаған. Бәрі де ұлт жанашырлары еді. «Тәуелсіздік - еліміздің ең басты байлығы бен құндылығы. Тәуелсіздігімізді көздің қарашығындай сақтау - әрбір азаматтың қасиетті борышы. Ахмет Байтұрсынұлы: «Басқадан кем болмау үшін біз білімді, бай әрі күшті болуымыз керек. Білімді болу үшін оқу керек, бай болуы үшін кәсіп керек, күшті болуға бірлік керек» деген. Осы ұлағатты сөздер өзінің өзектілігін әлі жойған жоқ. Елбасы бұл туралы «Ата-бабаларымыз аңсаған Тәуелсіздікті алдық. Ендігі мәселе - соны ертеңге жеткізу, келесі ұрпаққа, болашаққа Қазақстанның тәуелсіздігін аманаттау, тәуелсіздігіміздің одан ары нығайту үшін бәріміз де атсалысуымыз керек» деген болатын. Шекарамыз берік болсын. Бірлігіміз мықты болсын», - деп түйді профессор.

Еске сала кетсек, Халықаралық деңгейдегі жиынға еліміздегі белді алаштанушылар, ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова, Парламент Мәжілісінің депутаттары, Түркия, Ресей, Әзербайжан елдерінен ғалымдар қатысуда. Конференцияның Пленарлық мәжілісі ХХ ғасыр басындағы әлемді сілкіндірген оқиғалар аясындағы Алаш қозғалысының қызметін ашып көрсеткен секциялық басқосуларға ұласпақ. Жиын соңында ғылыми-тәжірибелік конференцияға қатысушылар Алаш арыстарын ұлықтау, олардың мұраларын зерттеуді жүйелеп, жас ұрпақты патриоттық рухқа тәрбиелеу ісін Алаш мұраттарымен да сабақтастыру мәселелері көрініс тапқан қарар қабылдау жоспарланып отыр.

Соңғы жаңалықтар