Прокуратура Анатолий Балушкинге қатысы бар 77 жылжымайтын мүлікті қайтару туралы сотқа қолдаухат жолдады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – БИПЭК компаниялар тобының акционері, халықаралық іздеуде жүрген Анатолий Балушкинге қатысы бар 77 жылжымайтын мүлік мемлекетке қайтарылуы мүмкін. Экономикалық ресурстардың заңсыз шоғырлануына қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия осындай мәлімет таратты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None

«11.07.2022 жылы Шығыс Қазақстан облысында А. Балушкинге (халықаралық іздеуде, БИПЭК компаниялар тобының акционері) қатысты іс бойынша прокуратура 77 жылжымайтын мүлікті (оның ішінде «Рахман қайнары», «Нұртау» және «Порт Фортуна» демалыс базаларын), сондай-ақ 1 мың бірлік жылжымалы мүлікті сотқа дейін тәркілеу туралы қолдаухатты сотқа жолдады.

Күдіктілердің қылмыстық активтерін, оның ішінде шетелде анықтау, тыйым салу және тәркілеу жұмыстары жалғасуда», - деп жазылған ведомствоаралық комиссияның ақпаратында.

Аталған комиссия ҰҚК бұрынғы басшылары мен қызметкерлерінің Гонконг пен БАӘ-дегі 3 млн доллары қайтарылғанын да хабарлаған болатын.

«Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы басшылары мен қызметкерлеріне қатысты іс бойынша Гонконг пен БАӘ-ден шамамен 3 млн АҚШ доллары қайтарылды. Қаржылық мониторинг агенттігі Боранбаевқа қатысты істі тергеп-тексеру барысында «Қазмұнайгаз» АҚ-ға шамамен 11,3 млрд теңге өтелді. Жамбыл облысында сеніп тапсырылған мүлікті иемденіп алу және талан-таражға салу фактісі бойынша қылмыстық істі тергеп-тексеру шеңберінде «ТаразЭнергосбыт» АҚ мемлекеттік ұйымына 2,2 млрд теңге өтелді. Өзге мысал, қазіргі уақытта «Олимп» БК лауазымды адамдарына қатысты қылмыстық іс аясында алып қойылған $5,5 млн және €200 мың қаражатты Ұлттық Банкке аудару рәсімі жүріп жатыр» деп жазылған ресми мәліметте.


Соңғы жаңалықтар