Прокуратура апатты жағдайда қонған «Бек Эйр» ұшағына қатысты оқиғаны тергеуді бастады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бас көлік прокуратурасы апатты жағдайда қонған «Бек Эйр» ұшағына қатысты оқиға бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізуді бастады. Бұл туралы аталмыш ведомствоның баспасөз қызметі хабарлады.
None
None

«27 наурызда 10 сағат 36 минутта Астана қаласының әуежайына «Қызылорда-Астана» бағытындағы №2041 рейсін орындау кезінде «Бек Эйр» әуе компаниясының «Фокер-100» маркалы әуе ұшағы апатты жағдайда қонды», делінген хабарламада.

Прокуратураның хабарлауынша, әуе кемесінің апаттық қонуына оның алдыңғы шасси тірегінің ашылмауы себеп болған.

Ұшақ бортында 121 адам, оның ішінде 116 жолаушы және 5 экипаж мүшелері болған. Оқиғадан ешкім зардап шекпеген.

«Аталған дерек Бас көлік прокуратурасының сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне Қылмыстық кодекстің 344-бабының 1-тармағымен (көлiк жүрісі немесе оларды пайдалану қауiпсiздiгi қағидаларын бұзу) тіркелді», делінген хабарламада.

Қылмыстық іс Бас көлік прокуратурасының арнайы прокурорларының өндірісіне қабылданып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде.

Еске сала кетсек, Bek Air әуе компаниясы борт экипажын яғни, командир - Дмитрий Родин мен екінші ұшқыш - Вадим Смеречанскийді мемлекеттік марапатқа ұсынатындығын мәлімдеген. Кейіннен оқиға орнына барып қайтқан ҚР Инвестициялар дәне даму министрі
Әсет Исекешев өзінің Фейсбуктегі парақшасында осындай бастама көтерді.

«Жаңа ғана әуежайдан шықтық. Құдай сақтап ешкім зардап шекпеді. Соңғы жолаушылар эвакуациялау кезінде салонда қалдырған қол жүктерін алған соң кетіп қалды. Арнайы комиссия оқиғаны тексеруге кірісті. Экипаждың әсіресе командирдің шеберлігі мен қайсарлығын, сондай-ақ барлық жердегі қызметтердің үйлескен жұмыстарын атап өткім келеді. Экипажды мемлекеттік және ведомстволық наградаларға ұсынатын боламыз», делінген жазбада.

Соңғы жаңалықтар