Прокуратура ардагеріне мерекелік медаль тапсырылды
БҚО прокуратурасының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, Иван Степановичке «Қазақстан прокуратурасына 25 жыл» мерекелік медалі мен ескерткіш сыйлық табыс етілді.
1923 жылы 2 ақпанда дүниеге келген И.С.Гапич өз еркімен майданға аттанып, Украина, Польша, Чехословакия және басқа елдерді жаудан азат етуге қатысты. «Қызыл Жұлдыз», үшінші дәрежелі Даңқ ордендерімен, «Ерлігі үшін», «Кенигсбергті алғаны үшін», «Германияны жеңгені үшін» медальдарымен марапатталған жауынгер 1945 жылы 24 шілдеде Мәскеудегі Жеңіс шеруіне қатысты.
Соғыстан кейін прокуратура органдарында қызмет атқарды. Соның ішінде 1966-1986 жылдары БҚО прокурорының бірінші орынбасары болды. «Прокуратураның құрметті қызметкері» төсбелгісімен, «Құрмет» орденімен, көптеген медальдармен марапатталған Иван Гапич өңірдің қоғамдық-саяси өміріне, жас ұрпақ тәрбиесіне де белсене араласып келеді.