Прокуратура Бразилияның экс-президентін сыбайлас жемқорлыққа күдіктенуде
АСТАНА. 7 сәуір. ҚазАқпарат - Бразилия билігі танымал саясаткер, республиканың бұрынғы президенті Луис Инасиу Лула да Сильваға қатысты тексеру жүргізуге бастама жасады. 2003-2011 жылдары мемлекет басшысы болған ол сыбайлас жемқорлыққа күдіктелуде, деп хабарлады РБК.
Тексеру экс-президенттің саяси болашағына келеңсіз ықпал етуі мүмкін.
Бұған Portugal Telecom компаниясының ісіне байланысты тергеу жұмыстары себеп болды. Бұл компания Л.Лула да Сильва президенттігінің бірінші мерзімінде «Еңбекшілер партиясына» пара берді деп күдіктелуде. Экс-президент ол құрылған 1980 жылдан осы партияның мүшесі болды.
Бұдан бұрын кәсіпкер Маркос Фернандес Соуза 2005 жылы экс-президент пен бұрынғы қаржы министрі Антонио Палос телефон компаниясынан Макаодағы оффшорлық есепшот арқылы 7 млн. доллар алуға келісімін берген деп мәлімдеген болатын.
Бұл жанжал Бразилияда «Менсалао» деген атауға ие болды. Оның мәнісі биліктегі «Еңбекшілер партиясы» үкіметтен заң шығарушы жиналысқа түскен заң жобаларына дауыс беру кезінде оң шешім шығарылуы үшін басқа партиялардағы әріптестеріне ақша төлеп отырған дегенге саяды.
Кәсіпкер өткен жылы оның қызметіндегі сыбайлас жемқорлық фактілеріне байланысты 40 жылға бас бостандығынан айырылған болатын. М.Соуза Бразилияның билеуші партиясының есепшотына қолма-қол ақшаны аудару схемасының ұйымдастырушысы болған. Осы іс бойынша 25 адам сотталды. Экс-президент сыбайлас жемқорлық схемасынан хабарсыз екенін айтып, қылмыстық жауапкершіліктен құтылып кеткен еді.
Луис Инасиу Лула да Сильва «Еңбекшілер партиясының» құрылтайшысы және құрметті төрағасы. Ол президенттікке бес рет дауысқа түсті, 2002 жылы ғана жеңіске жетіп, төрт жылдан кейін екінші мерзімге сайланды. Ол елді экономикалық және саяси жаңартудың бастамашысы болды, инфляцияны ауыздықтады, ауқымды әлеуметтік бағдарлама жүргізді, соның арқасында Бразилияда әлеуметтік теңсіздік жарты ғасырлық кезеңдегі ең төменгі көрсеткішке жетті.