Прокуратура елдегі су қоймаларының жеке иелікке берілуінің қаншалықты заңды екендігін тексеруде
АСТАНА. Наурыздың 18-і. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Алматы облысының «Қызылағаш» ауылында болған оқиғаға қатысты жауапқа тартылатын азаматтардың саны көбеюі де, сонымен қатар керісінше, азаюы да мүмкін.
Бұл туралы бүгін Бас прокуратураның ресми өкілі Нұрдәлет Сүйіндіков мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның сөзіне қарағанда, қазіргі таңда аталмыш оқиға бойынша белсенді түрде тергеу амалдары жүріп жатыр. Сонымен қатар бірқатар сараптама жұмыстары жүргізілуде. «Осыған дейін ақпарат құралдарында төтенше оқиғаға қатысты «Қызылағаш» ауылының әкімі мен аймақтың төтенше жағдайлар саласының басшылары және су қоймасының иелері жауапқа тартылып отырғандығы жөнінде ақпарттар жарияланған болатын. Егер қосымша жәйттер анықталатын болса, жауапқа тартылатындардың тізімі өсуі мүмкін. Ал әзірге сараптама жұмыстары мен тергеу амалдарының қанша уақытқа созылатындығы жөнінде қандай да бір ақпарат беру мүмкін емес», деді ресми өкіл.
Оның сөзіне қарағанда, қазір аталмыш төтенше жағдай көпшіліктің жіті назарында. Осы уақытта Мемлекет басшысының аталмыш оқиғаның себеп-салдарын анықтау мен кінәлі азаматтардың барлығын жауапқа тарту жөніндегі міндеттері бойынша барлық шаралар қолға алынуда. «Бұл іс қазір Бас прокурордың жеке назарында. Ал мұндай оқиғалардың ендігәрі қайталанбауын қадағалау үшін еліміздің барлық облыстарындағы су қоймаларының жағдайлары тексерілетін болады. Оның барысында бірінші кезекте су қоймаларының жеке иелікке берілуінің қаншалықты заңды екендігі және қойма иелерінің қажетті талаптарды қаншалықты деңгейде орындап отырғаны басты назарға алынады. Тексеру жұмысының нәтижелері көпшіліктің назарына жеткізіледі», деді Н.Сүйіндіков.