Прокуратура елордалық алаяқтардың әлеуметтік бет-бейнесін жасады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана қаласының прокуратурасы елордалық алаяқтардың әлеуметтік бет-бейнесін жасады. Бұл туралы брифинг барысында Астана қалалық прокуратурасы екінші басқармасының прокуроры Ерлан Баймұхамбетов мәлім етті.
«Алаяқтар мен олардың әлеуетті құрбандарының әлеуметтік бет-бейнесі мынадай: әдеттегідей алаяқ 20-40 жас аралығындағы ер адам, орта, орта арнаулы білімі бар, жұмыссыз болып келеді. Ал алаяқтардың әлеуетті құрбандары еркек те әйел де болуы мүмкін. Олардың жастары 20 мен 50-дің аралығында, жоғары білімдері жоқ. Бірақ, мол ақшалары, жылжымайтын, жылжитын мүліктері болады», - деді ол.
Е.Баймұхамбетовтің атап өтуінше, Астанада алаяқтардың арбауына түсетіндер көбіне ірі көлемде ақшалай қаржыларынан қағылады. Бұл саладағы қылмыстардың басым бөлігі несие, жер телімдерін сату, займ туралы шарттары қамтиды. Бұл ретте айта кетерлігі, алаяқтық әрекеттер көп жағдайда бұрыннан таныс адамдардың арасында орын алады.
«Бұған қоса, алаяқтар өздерін нақты бір істе зардап шегушінің пайдасына шешім шығаруға қабілетті адам ретінде көрсетеді. Осылайша, адамдар алдауға тез еріп, ақшалары мен мүліктерін қылмыскерге беріп қояды», - деді прокурор.