Прокуратура: Иран соты сырттай соттаған Х. Санандаджиді еліне қайтарды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Иран азаматы болып табылатын Х.Санандаджи Алматыдан экстрадицияланды. Аталған иран азаматы сот үкімін орындау үшін сол елдің құқық қорғау органдарының іздеуінде жүрген болатын. Бұл туралы ҚР Бас прокуратурасының баспасөз қызметінен хабарланды.
«Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы ирандық тараптың аталған тұлғаны ұстап беру туралы сұранысхатын Қазақстан Республикасы мен Иран Ислам Республикасы арасындағы 2012 жылғы сәуір айында жасалған ұстап беру туралы шарт негізінде қарастырып, қанағаттандырды. Экстрадицияланушы тұлға бір топ адамдармен бірлесіп, банктік несие алу мақсатында жалған құжат жасап, оны қолданғаны үшін айыпталған болатын. Ал ирандық сот оны сырттай соттаған», - делінген баспасөз баянында.
Ұсталған тұлғаны Иран уәкілетті органдарының өкілдеріне беру Алматы қаласының әуежайында жүзеге асырылды.