Прокуратура «Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг B.V» консорциумына қатысты қозғалған қылмыстық істі тоқтатты - Қаржы полициясы

АСТАНА. Мамырдың 20-сы. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Прокуратура «Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг B.V» Консорциумы қазақстандық филиалының лауазымды тұлғаларына қатысты қозғалған алаяқтық фактісі бойынша қозғалған қылмыстық істі қазіргі кезде тоқтатты.

Прокуратура «Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг B.V» консорциумына қатысты қозғалған қылмыстық істі тоқтатты - Қаржы полициясы

Бұл туралы бүгін Астанадағы брифингте ҚР Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің (қаржы полициясы) ресми өкілі Мұрат Жұманбай мәлім етті.

Оның айтуынша, Прокуратура істе қылмыс құрамының жоқтығына байланысты тоқтатқан. «Қазіргі кезде Қаржы полициясы органдары бұл фактілер бойынша тергеуге дейінгі тексерісті жүргізуде. Яғни, бұл фактілер тағы бір мәрте тексерілуде. Тексеріс нәтижесі бойынша процессуалдық шешім қабылданатын болады», деді ресми өкіл.

Айта кетейік, Қаржы полициясы «Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг B.V» Консорциумы қазақстандық филиалының лауазымды тұлғаларына қатысты қылмыстық істі ағымдағы жылғы қаңтардың 28-қозғаған болатын. Қылмыстық іс аталмыш консорциумның 2008 жылы 104 млрд. теңгеге мұнай мен конденсатты артық алу фактісі бойынша қозғалған еді. Бұл фактіні Геология және жер қойнауларын пайдалану комитеті анықтаған.