Прокуратура Kaspi Gold қолданушылардың жеке мәліметтері дұрыс қорғалмайтынын анықтады

АСТАНА. ҚазАқпарат – Астана прокуратурасы Kaspi Gold пайдаланушыларының дербес деректерін қорғаудан кемшіліктер тапты, деп хабарлайды ҚазАқпарат елордалық прокуратураға сілтеме жасап.
None

Астана қаласының прокуратурасы Kaspi Gold қосымшасын пайдаланушылардың дербес деректерін ашуға байланысты ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің ақпараттық қауіпсіздік комитетіне ұсыныс енгізді.

«Қаскүнемдердің қазақстандықтарға кредит пен микрокредит рәсімдейтін алаяқтық жағдайларының жиілеуіне байланысты, қадағалау органы дербес деректер саласындағы заңнаманың сақталуына және оларды банктік қызмет көрсету саласындағы дербес деректерді қамтитын ақпараттық жүйе иелерінің қорғауына талдау жүргізді. Бұл талдау Kaspi банкі тарапынан Дербес деректер және оларды қорғау туралы заңнаманың бұзылғанын көрсетті. Дәлірек айтқанда банк Kaspi Pay мобильді төлем жүйесін әзірлеген, оның көмегімен кәсіпкерлер Kaspi.kz мобильді қосымшасы мен Kaspi QR арқылы төлем қабылдайды. Кәсіпкерлер өз клиенттеріне Kaspi Pay арқылы қаражатты қайтарғанда Kaspi Gold-да қаражат алушының жеке сәйкестендіру нөмірін (ЖСН) көруге болатын тарих сақталады», - деп жазылған прокуратура хабарламасында.

«Дербес деректер және оларды қорғау туралы» заңның 20-бабының 1-тармағына сәйкес, дербес деректер мемлекет кепілдік беретін қорғауға жатады.

Оларды жинауға және таратуға субъектінің немесе оның заңды өкілінің жазбаша келісімімен ғана жол беріледі.

Бұдан басқа, заңның 11-бабының нормаларында меншік иелері және (немесе) операторлар, сондай-ақ қолжетімділігі шектеулі дербес деректерді алатын үшінші тұлғалар субъектінің немесе оның заңды өкілінің келісімінсіз не өзге де заңды негіздің болмауынсыз олардың таралуына жол бермеу талаптарын сақтайды және құпиялылығын қамтамасыз етеді деп көзделген.

«Алайда, қазіргі уақытта Kaspi Pay тарихында Kaspi QR арқылы төлеу кезінде Kaspi Gold пайдаланушыларының тегі, аты-жөні және жеке сәйкестендіру нөмірлерін көруге болады (мобильді қосымшаны миллионнан астам адам пайдаланады). Осыған байланысты Астана қаласының прокуроры Ерлан Өтегенов уәкілетті органға аударымдар тарихынан дербес деректерді, атап айтқанда жеке сәйкестендіру нөмірін алып тастау туралы ұсыныс енгізді», - дейді прокуратура.


Соңғы жаңалықтар