Прокуратура кәсіпкерлікке қатысты заң талаптарының орындалуын бақылауды күшейтті

АСТАНА. KAZINFORM — 2025 жылдың 6 айында қадағалау актілері бойынша 700-ден астам кәсіпкердің құқықтары қорғалды, деп хабарлайды СҚО прокуратурасының баспасөз қызметі.

Кәсіпкерлік субъектілерін аккредиттеуге өтініш пен құжат қабылдау басталды
Коллаж: Kazinform

СҚО прокурорлары кәсіпкерлердің құқықтарын мемлекеттік кірістер органдарының заңсыз әрекеттерінен қорғады.

Мемлекет басшысының әкімшілік іс жүргізуді қозғауды прокурормен міндетті түрде келісуді көздейтін прокурорлық сүзгіні енгізу туралы тапсырмасын орындау шеңберінде облыс прокуратурасы әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекстің талаптарын өрескел бұзушылықтарды анықтады. Мәселен, Аққайың, Уәлиханов аудандары мен Петропавл қаласы мемлекеттік кірістер Басқармаларының лауазымды тұлғалары кодекс талаптарын бұза отырып, прокурордың келісімінсіз өңірлік пулға кіретін инвесторларға қатысты әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы 17 іс қозғады («Птицефабрика «Северный бройлер» ЖШС, «Бүркіт» ӘКК ӨК, «АТМ Petropavlovsk Hospital» ЖШС).

Жамбыл, Мамлют, Тайынша және де М.Жұмабаев аудандарында тиісті өкілеттіктері жоқ мемлекеттік кірістер органдарының мамандары кәсіпкерлерге қатысты 30 әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарады, ал Кодекстің талаптарына сәйкес аталған істерді қарау және жаза қолдану тек мемлекеттік кірістер органдарының басшыларына, олардың орынбасарларына не осыған тиісті бұйрықпен уәкілеттік берілген өзге де лауазымды тұлғаларға ғана беріледі.

— Ғ.Мүсірепов ауданында мемлекеттік кірістер Басқармасы басшысының орынбасары ескіру мерзімі өткеннен кейін ӘҚБтК-нің 92-1-бабы (міндетті әлеуметтік сақтандыру саласындағы заңнаманы бұзғаны үшін) бойынша кәсіпкерді жауапқа тарту туралы заңсыз қаулы шығарды. Прокурорлық қадағалау актілері бойынша барлық заңсыз шешімдердің күші жойылды, істер бойынша іс жүргізу тоқтатылды, кінәлі лауазымды адамдар (оның ішінде басшылар) тәртіптік жауаптылыққа тартылды. Қабылданған шаралардың нәтижесінде үш инвесторды қоса алғанда, 25 кәсіпкердің құқықтары қорғалды, — делінген хабарламада.

Ведомство мәліметінше, 2025 жылдың 6 айында қадағалау актілері бойынша 700-ден астам кәсіпкердің құқықтары қорғалды, жауапкершіліктің әртүрлі түрлеріне 30 лауазымды тұлға тартылды.

Қадағалау органы барлық бизнес субъектілеріне олардың құқықтары мен заңды мүдделері бұзылған жағдайда, олар кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі мобильді топ арқылы прокуратура қызметкеріне +7-771-362-08-99 байланыс телефоны арқылы хабарласып, тікелей жүгіне алатынын ескертеді.

Бұдан бұрын СҚО-да әкімшілік заңнаманы бұзған үш әкімге тәртіптік шара қолданылғаны белгілі болды.