Прокуратура көптеген дауларға қатысудан бас тартты - Жақып Асанов

АСТАНА. ҚазАқпарат - Азаматтық істерге прокурорлардың қатысуын қысқарттық. Бұл туралы елордада «Қазақстандағы сот билігінің тәуелсіздігі және сот әкімшілігі мәселелері» атты халықаралық конференцияда ҚР Бас прокуроры Жақып Асанов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Прокуратура көптеген дауларға қатысудан бас тартты - Жақып Асанов

«26-қадам (Ұлт жоспары) аясында азаматтық істер бойынша біз прокурорлардың қатысуын қысқарттық. Жеке тұлғалардың дауларына прокурордың араласуының реті жоқ. Бұл тұрғыда әрқайсысы өзін қорғайды және прокурорлық қолдау түріндегі айрықша құқыққа ешкім де ие болмауы тиіс», - деп нақтылады Жақып Асанов.

Осы орайда прокуратура органдары көптеген дауларға қатысудан бас тартқанын атап өтті. Бұл қадамдар өз кезегінде қылмыстық процеске көбірек назар аударуға мүмкіндік берді. Бүгінде ауыр және аса ауыр қылмыс бойынша әрбір іске процессуалдық прокурор тағайындалады. Ол үшін негізгі мақсат - лайықты қадағалауды қамтамасыз ету.

«Судьялар тарапы прокурорлар процеске дайын емес деген ескертуін  айтып жатады. Себебі істі сотқа беру кезеңіндегі ғана прокурорлар  онымен танысып жүр. Енді олар іс тіркелген сәттен бастап егжей-тегжейлі қадағалау жүргізеді. Ол үшін бізде қажетті мүмкіндіктер бар, өйткені бизнесті тексеру бағытындағы көптеген шаралардан бас тарттық, сондай-ақ азаматтық процестерден алыстадық. Сондықтан бұл резервтерді қылмыстық процеске арнап отырмыз», - деді Бас прокурор.

Айта кетейік, конференция жұмысына ҚР Жоғарғы Сотының төрағасы Қайрат Мәми, Жоғарғы Сот кеңесінің төрағасы Анатолий Смолин, Әділет министрі Марат Бекетаев, Грузия Жоғарғы сотының төрайымы Нино Гвенеттадзе, БҰҰ-ның Тұрақты үйлестірушісі Норимаса Шимомура, Еуропалық кеңестің сот реформалары білімінің басшысы Лилит Данегтян қатысуда.