Прокуратура қызметкерлеріне арналған тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселелері бойынша тренинг басталды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Бас прокуратурасы институтының ұйымдастыруымен прокуратура органдары қызметкерлеріне арналған тұрмыстық зорлық-зомбылықты алдын-алу мәселесіне байланысты оқыту тренингі ашылды, деп хабарлайды ведомствоның баспасөз қызметінен.
Оның жұмысында Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссиясының және «Подруги» дағдарыстық орталығының өкілдері қатысты.
Шараның басты мақсаты - прокурорлардың тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын-алудағы кәсіби біліктілігін арттыру.
Семинарды Бас Прокурордың орынбасары Жақып Асанов кіріспе сөзімен ашып, тренингті өткізудің маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар аталған мәселе бойынша қадағалау органдарының жұмысын арттырудағы басты бағыттарды белгіледі. Сондай-ақ ҚР Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссиясының төрағасы Махаббат Бекбосынова семинар тақырыбының қазіргі заманда мемлекеттің дамуындағы өзектілігін, әйелдер құқығын қамтамасыз етудегі маңыздылығын атап өтті.
Тренинг барысында тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күресудің құқықтық негіздері, сонымен қатар жаңартылған заңнама шеңберінде отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласының заңнамасын жетілдірудің келешегі талданды. Әйелдерге қатысты дискриминацияның барлық түрлерінің халықаралық стандарттары зерттелді. Шара барысында прокуратура қызметкерлеріне тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілерін ескертуге қатысты тәжірибелік дағдыларды игеруге көмектесетін отбасылық-тұрмыстық құқық бұзушылықтардың алдын алу мәселелері бойынша оқу-тәжірибелік құрал мақұлданды. Тренингтің оқу бағдарламасында тұрмыстық зорлық-зомбылық тәжірибесінің өзекті мәселелеріне қатысты теориямен қатар, тестілеу, кіріспе тапсырма, сауалнама, заңды пайдалану қызметіндегі өзекті мәселелерді талқылау тәрізді практикалық тапсырмалар да қамтылатын болады.