Прокуратура магистралды мұнай құбырларының қауіпсіздігіне алаңдайды

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Бас көлік прокуратурасы магистралды құбыр желілерін пайдалану барысында көптеген өрескел бұзушылықтарды анықтады.
None
None

Бұл жайында бүгін БАҚ өкілдеріне ҚР Бас көлік прокуратурасының басқарма бастығы Алмас Аманов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Таяуда құбыр желісі көліктері нысандарына ауқымды тексеру жүргіздік. Атап айтқанда, «ҚазТрансОйл» мен «Интергаз-Орталық Азия» АҚ-ларын тексердік. Оның аясында бірқатар өрескел бұзушылықтар анықталды. Олардың ауыр салдары болуы мүмкін. Қазақстанда 9 мың шақырым магистралды құбыр желісінің апаттық жағдайы белгісіз. Өйткені ол құбыр желілеріне ішкі диагностика жүргізілмеген. Өздеріңіз де білесіздер ішкі диагностика құбыр желісінің ішіндегі барлық жарықшақтарды анықтап береді», - деді ол.

Оның айтуынша, бірқатар ұйымдар ішкі диагностика барысында анықталған жарықшақтарды жөндеу шараларын қолға алмаған. Мәселен, «ҚазТрансОйл» компаниясы құбырдағы мұнай қысымының деңгейіне жауапты 500-ге жуық құрал-жабдықты пайдалану мерзімі өтіп кетсе де, әлі күнге қолданып отыр. Аталған құрал-жабдық істен шыққан жағдайда құбыр жарылып, мұнай сыртқа ағуы мүмкін.

«Прокуратура органдарын магистралды құбыр желілерінің басым бөлігінің елді мекендер аумағынан өтетіндігі алаңдатып отыр. Себебі ол жерлерде құбыр желілері үшін қорғалатын аймақ белгілері орнатылмаған. Магистралды құбыр желілеріне тақалау орналасқан құрылыстар өте көп. Бұл әсіресе Атырау, Оңтүстік Қазақстан, Алматы облыстарында және Алматы қаласында жиі кездеседі. Мұндай құрылыстардың, оның ішінде тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандардың саны шамамен 1400-ге жетеді», - деді Аманов.

Соңғы жаңалықтар