Прокуратура мүгедек азаматтың құқын қорғады

ТАНА. 19 тамыз. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Қостанай көлік прокуратурасы 3-топтағы мүгедек азаматтың құқын қорғады.

Прокуратура мүгедек азаматтың құқын қорғады

Бұл туралы ҚР Бас прокуратурасының баспасөз қызметінен хабарланды.

Баспасөз қызметінің мәліметінше, Қостанай көлік прокуратурасының сенім телефонына «Желдорводтеплоснабжение» ААҚ-ның бұрынғы жұмысшысы, жарақат алуына байланысты 3-топтағы мүгедек болған азаматтан өтініш келіп түскен. Өтініш берушінің айтуынша, 2001 жылы ол өндіріс жұмысы барысында оң қолынан жарақаттық ампутация алған. Соған орай, жұмыс берушіге мүгедектің протез-ортопедиялық көмегін қамтамасыз етуге байланысты шығындарды төлеу туралы жауапкершілік жүктелген еді. «Бұдан кейін кәсіпорын қайта құрылып, бұрынғы ұйымның құқықтары мен міндеттері «Теміржолжылу-Құсмұрын» ЖШС-ға өткен. Осыған орай, протезді тағу мерзімі өтіп, оны ауыстыру қажеттілігі туындаған мерзімде мүгедек азамат «Теміржолжылу-Құсмұрын» ЖШС-ға барлық шығындарды өтеп беру туралы өтініш жасайды. Алайда, кәсіпорын басшылары шотта қаражаттарының жоқтығына сілтеп, одан бас тартқан», - делінген баспасөз айғағында.

Осы негізде келіп түскен өтінішке орай, Қостанай көлік прокуратурасы тексерулер жүргізді. Оның нәтижесі бойынша протезді алмастыруға қажетті 950 мың теңге шамасында қаражат өндіріліп, бұл «Петропавл протездеу-ортопедиялық орталығының» есепшотына жіберілген.