Прокуратура органдары елдегі көші-қон мәселесіне алаңдап отыр
АСТАНА. 1 қыркүйек. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Прокуратура органдары елдегі көші-қон мәселесіне алаңдап отыр.
Бұл туралы бүгін журналистермен болған апталық брифингте Бас прокуратураның ресми өкілі Жандос Өміралиев мәлім етті.
Оның сөзіне қарағанда, Қазақстан бүгінде әлемдік көші-қон үдерісінің белсенді қатысушысы. Осыған қарай прокуратура органдары көші-қон саласындағы заңдардың орындалуын қамтамасыз ету ісіне баса көңіл бөлуде. Ал бұл бағытта жүргізілген арнайы тексеру жұмыстары Қазақстанда көптеген шетелдіктердің заңсыз жүргендігін анықтады. Нақтырақ айтқанда, шетелдіктердің бірі елде болу жөніндегі ережені бұзса, тағы бір жағдайда шетелдіктерді еліне қайтару жөніндегі сот шешімі орындалмаған. Сондай-ақ миграциялық полиция бөліміне тіркелмеу, еңбек қатынастарын бұзу, тіркелген жерінде тұрақтамау сияқты келеңсіздіктер де орын алуда.
«Мысалы Алматы қаласы мен облысында сондай-ақ Ақтөбе, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Қостанай, Маңғыстау және Оңтүстік Қазақстан облыстарында 400 шетелдік өздерінің жеке шаруаларымен келгендеріне қарамастан, еліміздің заңдарын бұза отырып, Қазақстан аумағында жұмыс істеп жүрген. Сондай-ақ Алматы қаласы, Ақтөбе, Қызылорда, Маңғыстау және Оңтүстік Қазақстан облыстарында жеке куәліктерін ішкі істер органдарында тіркемеген 60 шетелдік анықталған. Сонымен қатар осы аймақтарда тіркелген орындарында тұрақтамаумен байланысты 35 факті анықталды»,-деді ресми өкіл.