Прокуратура органдары ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауы кезеңінде сайлау заңнамасының қолданылуын қадағалауда

АСТАНА. 3 сәуір. ҚазАқпарат - Еліміздің қолданыстағы заңнамасына сай прокуратура органдары ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауы кезеңінде сайлау заңнамасының қолданылуын қадағалауды жүзеге асыруын жалғастыруда. Бұл ақпаратты ҚР Бас прокуратурасының баспасөз қызметі таратып отыр.

Прокуратура органдары ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауы  кезеңінде сайлау заңнамасының қолданылуын қадағалауда

«Прокуратура органдары Сайлау заңнамасының бұзылуы туралы шағымдар мен арыздардың тұрақты мониторингін жалғастыруда, қажет болған жағдайда тексерулер жүргізіліп, прокурорлық ықпал ету шаралары қабылданады», - делінген баспасөз хабарламасында.

Ведомствоның атап өтуінше, сайлау науқанының өткен кезеңі ішінде азаматтар мен заңды тұлғалардан мемлекеттік органдарға сайлау заңнамасына қатысты барлығы 822 өтініш түсті. Олардың ішінде прокуратура органдарына барлығы 59 арыз түсіп, оның 47-сін шағымдар, 10-ын арыздар және 2-уін ұсыныстар құраған.

Шағымдардың негізгі бөлігі, атап айтқанда 25-і сайлау алдындағы үгітті жүргізудің белгіленген тәртібін бұзу туралы хабарламалар болған.

Лауазымды тұлғалардың әрекеттеріне 8, ал сайлау комиссияларының әрекеттеріне 7 жағдайда шағым келтірілген. 47 шағымның тек 11-і ғана объективті түрде расталған. Расталған жағдайда лауазымды тұлғалардың әрекеттеріне принципиалды түрде баға беріледі.

Өткен кезең ішінде Қазақстан Республикасының соттарына сайлау үрдісіне қатысты 18 арыз түскен, оның 4-еуі бойынша талаптарды қанағаттандырудан бас тарту туралы шешім шығарылып, 6-уын қабылдаудан бас тартылды, 3-еуі қайтарылып, 5 арыз бойынша өндіріс қысқартылды.

Айта кетерлігі, бұл сайлау тыныштықта өтуде, сондықтан прокуратура органдарының қызметі сайлау үрдісінде барлық қатысушыларға негізінен профилактикалық, түсіндіру және ескерту шараларын қабылдауға бағытталған.