Прокуратура органдары міндеттер мен мақсаттарды орындап келеді - Қ. Мәми
анның 22-сі. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Прокуратура органдары алға қойылған міндеттер мен мақсаттарды орындап келеді.
Бүгін Астанада «Заңдылықты қамтамасыз етудегі қалалық және аудандық прокуратуралардың рөлін жоғарылату» тақырыбында өтіп жатқан республикалық семинар-кеңесте ҚР Бас Прокуроры Қайрат Мәми осылай айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Прокурорлық қызметтің жұмысын бағалай келе, біз жалпылай алғанда, алдымызға қойылған мақсаттарды орындап келеміз. Бұл негізінен жергілік жерлердегі прокурорлардың еңбегі», деді Бас Прокурор.
Оның айтуынша, ведомство экономикалық дағдарыс салдарын жеңілдету бағытында азаматтардың құқын қорғау бойынша елеулі жұмыстар атқарған. Сондай-ақ қылмыс деңгейінің төмендеуі байқалуда.
Прокурорлық жұмыстарды бұдан әрі қарқынды жүргізу керектігіне тоқталған Қ. Мәми, «атап айтқанда, жасалған талдау нәтижелері қадағалаудың бөлек салалары бойынша кемшіліктер бар екенін көрсетті. Сондай-ақ сараптамалық-болжам қызметі тиісті деңгейде назарға алынбай отыр. Әрқайсымыз бұл бағыттың маңыздылығы мен ерекше роліне көңіл бөлуіміз қажет. Тек дұрыс жасалған талдау мен оның негізінде құрылған жоспар қадағалау тәжірибесіндегі туындаған мәселелерді сәтті шешуге септігін тигізеді», деді.