Прокуратура органдарында кадрлық өзгерістер болды
АСТАНА. Қыркүйектің 17-сі. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Прокуратура органдарында бірқатар кадрлық өзгерістер болды.
Бұл туралы бүгін журналистермен болған брифингте Бас прокуратураның ресми өкілі Нұрдәулет Сүйіндіков мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның айтуынша, Қостанай облысында соңғы уақытта құқық қорғау органдары қылмыспен күресті ұйымдасқан түрде жүргізе алмай отыр. Яғни, прокуратураның қызметі аталған аймақта талапқа сай емес. Сонымен қатар, ондағы кадрмен қамтамасыз ету жұмыстары да сапасыз. Осыған байланысты басшылық қызметтегі тәжірибесімен және өз қызметіне деген принципшілдігімен, сондай-ақ іскерлігімен танылған Жамбыл облысының прокуроры Кәрім Әбдіқадыр Қостанай облысына прокурор болды. Ал оның босаған орнына Есенжан Досанов тағайындалды. Оңтүстік Қазақстан облысының прокуроры қызметіне Берік Құлтасов орналасты. «Бұл жаңа тағайындалған екі қызметкер де бұрын облыс прокурорларының орынбасарлары лауазымын атқарып, резервте жүрген. Олардың осы уақытқа дейінгі прокуратура органдарындағы үлгілі қызметтері Бас прокурордың ойынан шықты және аталған облыстар сеніп тапсырылып отыр», деді ресми өкіл.
Сондай-ақ ол Оңтүстік Қазақстан облысының прокуроры Марат Ахметжановтың Елбасының Жарлығымен Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есеп комитетінің төрағасы қызметіне тағайындалғандығын мәлім етті.