Прокуратура органдарында өтініштерді қарау жеделдігі бір жарым есеге өсті
АСТАНА. 23 желтоқсан. ҚазАқпарат - Бүгін Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және есепке алу жөніндегі комитетінде кеңейтілген алқа отырысы өтіп, онда құқықтық статистика және есепке алу органдарының 2011 жылдағы жұмыстарының қорытындысы жайындағы мәселелер қарастырылды,
деп хабарлайды Бас прокуратураның баспасөз қызметі.
Онда Құқықтық статистика және есепке алу жөніндегі комитетінің төрағасы Марат Ахметжанов Комитеттің алға қойған мақсаттарын орындай отырып, оның ең алдымен қоғамдық бақылау мен барлық құқық қорғау органдары жұмысының тиімділігін көтеруге бағытталған жаңа технологияларды енгізуде үнемі ізденіс үстінде екендігін атап өтті. Мәселен, жыл басынан бері Ішкі істер органдары Арыздарды тіркеу кітапшасының электронды нұсқасына толығымен қосылды.
Бұл жүйе өтініштерді қарау процесіне тікелей ықпал жасап, оның ашықтығын қамтамасыз етті. Соның нәтижесінде соңғы бес жылда бірінші рет өтініштерді қарау жеделдігі бір жарым есеге өсті. Ал өтініштерді қараудағы созбұйдалық 2,5 есе төмендеді. Қаралмаған өтініштер үлесі 7 есе қысқарды.
Есепке алу-тіркеу тәртібін күшейту және оған есепке алудың жоғары технолгияларын енгізу азаматтардың арыз-шағымдарын жедел және объективті түрде шешуге айтарлықтай ықпал етті, бұл тек құқық қорғау органдарына ғана емес, тұтас билік органдарына деген сенімділікті нығайта түсті. Сонымен бірге құқық қорғау органдарында қандай да бір өтінішті тіркеу сатысының ашықтығын қамтамасыз ету үшін Бірыңғай электрондық тіркеу құжаты әзірленді және ол 2012 жылдың 1 қаңтарынан бастап енгізгізілуге дайын. Тіркеудің бұлайша ашықтылығы прокурорлық қадағалаудың сапалылығын, ведомстволық бақылауды және үстіміздегі жылдың 1 шілдесінен бастап енгізілген электрондық талон арқылы жүзеге асырылатын қоғамдық бақылауды қамтамасыз етті. Ал жұртшылық үшін мұның маңызы аса зор.
Жеке және заңды тұлға бұл талон арқылы өзінің шағымы бойынша қабылданған шешім туралы біле алады және онымен келіспеген жағдайда оған шағымдана алады. Сонымен қатар кәсіпкерлер үшін енгізілген «Бизнес тірегі» жобасы барлық жерде жүзеге асырылып, оған бүгінгі күнге дейін 3 жарым мыңнан аса кәсіпкер жүгінген, оның 70 пайызында заңсыз араласу фактілері анықталды. Ағымдағы жылы арнайы құрылған жедел топ мұндай хабарламалар арқылы кәсіпкерлердің 600-ден астам құқығының бұзылуының алдын алды және жолын кесті.