Прокуратура сөзге шебер шешендерді іздейді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бас прокуратура «Тиімді шағымдар қоғамына» бастамақ, деп жазады "Айқын" газеті.
Биылғы бірінші жартыжылдықтың қорытындысына арналған Бас прокуратураның алқа мәжілісінде ведомство басшысы Жақып Асанов дәл осылай аталатын жобаны іске асыратындарын жариялады. «Жобаның тұсаукесері кейінірек болады» деді ол. Бас прокурор 6 ай ішінде «80 мектептің» қаржысын қалай қайтарғандарын әңгімелеп берді.
Өз сөзінде Ж.Асанов «ең басты сұрақ - прокуратура жұмысын қалай жақсарту» мәселелеріне тоқтала келе, «сынға көп негіз болатын» бірнеше бағытты саралады.
- Ең алдымен, кадр мәселесі. Қызметке кейде үздіктер емес, іскерлік қабілеті төмен, тек өз пайдасын ойлайтын кездейсоқ адамдар кіріп жатады. Танысың, көкең болмаса, өз күшіңмен бізге орналасу мүмкін емес деген ой қалыптасты. Баяғы тағы бір ауру - статистикаға бағыну. Барымызды асырып, жаманымызды жасырып, тек көрсеткіш қуумен жүрміз. Соған етіміз үйреніп кеткен. Екі цифрды салыстырып, өсім болса, мәзбіз, төмендесе, қулыққа барып, бұрмалаймыз. Прокуратураның структурасы да заманға бейім емес. Баяғыша. Жұмысты ұйымдастырудың әлемде түрлі озық технологиялары бар. Соның бірі - жобалық менеджмент. Оған көшсек, әрбір маңызды мәселеге арнайы команда құрылады. Нақты мақсат қойылып, бәрінің күші соған жұмылмақ, - деді Жақып Асанов.
Ол өздерінің «тағы бір үлкен кемшілігі» ретінде өңірлерге аз шығатындарын айтты: «Ал ел ішінде бізге сұрақтар көп. Сондықтан кесте жасалды. Бас прокуратура басшылары аймақтарда қабылдау жүргізбек. Бұл сол жердегі құқық қорғау органдарына да жақсы сілкініс болмақ. Келешекте осы жұмысты жүйелі түрде жүргізбек ойымыз бар».
Жақып Қажманұлы өз қызметтерін статистика түрінде түсіндіре кетті:
- Биылғы жарты жылда прокурорлар 360 мың адамның құқын қорғады. Олардың жартысы - балалар. Біздің ықпал етуімізбен 40 мың жұмыскер 4 млрд теңге сомасында жалақысын алды. 2,5 мың мүгедек жұмысқа орналастырылды, тағы 154 мүгедек мемлекеттік баспана алды. Қызметтік кабинеттерде және уақытша ұстау абақтыларында заңсыз ұсталған 205 адамды шығардық. Тергеушілер қамаққа алмақшы болған 2 мың күдіктіні камерадан босаттық. Біз оларға кепіл қолдандық. 182 сотталған біздің наразылығымыз бойынша анағұрлым жеңіл жаза алды. Прокурордың бастамасы бойынша барлығы 698 сот актісі түзетілді. Азаматтардың пайдасына 1 млрд 700 млн теңгеге сот шешімдерінің орындалуына қол жеткіздік - деді ол.
Прокуратура органдары жыл басынан бері шағыммен жүгінген 14 мың адамның құқықтарын қалпына келтіріпті. Бұл бұзушылықтар бойынша 40 мыңнан астам лауазымды тұлға жазаланды, оның ішінде қылмыстық жауаптылыққа 209 адам тартылды.
Ж.Асанов қызықты санды алға тартты: «Мемлекет мүдделерін қорғауға тоқталсақ, 25 млрд теңге тұратын 720 заңсыз мемлекеттік сатып алудың күші жойылды. Ұлттық қорға 12 млрд қайтарылды. Олар мақсатсыз жұмсалған. Бюджет 45 млрд алды. Заңсыз берілген, жалпы құны 14 млрд теңгелік жерді мемлекетке қайтардық. Осылайша, 6 айдағы жалпы қорытынды - 100 млрд теңге. Бұл қаржыға 600 орындық 80 типтік мектеп салуға болады!»
Бас прокурор осындай ауыз толтырып айтарлық іс тындырғанына қарамастан, прокуратура қызметкерлерінің қоғам тарапынан неге сынға ұшырайтынын айта келе, оның бірнеше себебін атады. Біріншісі - әлсіз кадрлар. «Көрінгенді алудамыз. Бұрынғы прокурор Саметов ескі формасын киіп, бизнесменді 3,5 миллионға алдап кеткен. Ал бұл адам бізбен 7 жыл жұмыс істеді. Мұндай адамдар қалайша қабылданды? Себебі - іріктеу жүйесі дұрыс емес» деген Жақып Асанов енді 4 іріктеу құралы іске қосылатынын жеткізді. Ол бойынша кандидат екі эссе жазатын болды. Біреуі өмірлік тәжірибесі туралы, екіншісі - берілген тақырыпқа. Сонымен қатар ол «кейстік тапсырмаларды» шешуі керек. Соңында психологиялық тесттен өтеді. Бұл ретте прокурор болудан үміткердің интеллектуалдық деңгейі (IQ, «ай-кюі») анықталады. Сөйтіп, кандидат туралы толық ақпарат алады.
Бірақ Бас прокуратура мұнымен шектелмейді: қазіргі іс басындағы прокурорларға да талап қойылады. Ж.Асанов «өскісі келетін әрбір прокурор тиімді болуға, менеджмент технологиясын игеруге тиістігін» нықтай келе, оларға «Тиімділігі жоғары адамдардың жеті дағдысы», «Ораторға 101 кеңес» секілді кітаптарды оқуды тапсырды. Академияға осындай әдебиеттердің тізімін жасау және оны ведомство порталына орналастыру жүктелді. Мансаптық жылжу да жаңа қағидат бойынша өтеді. Ол үшін мәселен, «30 озық мемлекеттік айыптаушы» секілді пулдар құрылады. Дәл соларға Бас прокуратурада, Астанада және Алматыда негізгі лауазымдарға тағайындалуда басымдық беріледі.
Бас прокурордың мәліметінше, жыл сайын Қазақстанда 30 000 заңгер оқу бітіреді екен. Оларға Ж.Асанов «көкені іздестірудің мәні жоқтығын», білімсіз бұл органға қадам басу мүмкін болмайтынын ескертті. Осы орайда кандидаттардың өмір салты назарға алынады: «студенттік жылдардан бастап, олардың белсенді азаматтық ұстанымына, әлеуметтік жобаларға қатысуына басымдық беріледі және іріктеу кезінде жоғары бағаланады».
Айтқандай, іс басындағы прокурорлардың озат, әлде «екіліктер» екендігі анықталмақ. «Қызметкер әрбір іс, шағым үшін жеке жауапкершілігін сезінуге тиіс. Әрбір прокуратурада екі тізілім енгізуден бастайық. Біреуі - анық бұзушылықтардың, екіншісі - оң тәжірибелердің тізілімі. Өзін көрсеткен, бастама білдірген және үлгі болғандар - «үздіктер» тізіліміне. Ал мемлекеттік айыптауды сапасыз қолдағандар, істі нашар қарап, шағымға нашар жауап бергендер - «екіліктер» тізіліміне. Басшылар да қалыс қалмайды, қарамағындағылар бойынша бағаланатын болады» деді Жақып Қажманұлы.
Құзырлы орган енді «өтініштермен жұмысқа» баса назар аударуға ниетті:
- Әрбір шағым - бұл жанайқайы. Оны қарауымызға қарай билікке деген сенім қалыптасады. Әр азамат біздің одақтасымызға айналуы керек. Тіпті заң бойынша бас тартуға мәжбүр болғанда да! Барлығы біздің тілімізге және сендіре білуімізге байланысты. Күрделі ойлар. Құрғақ сілтемелер. Қатаң тіл. Адамдар біздің жауаптарымызды түсінбейді. Біз әртүрлі планетадан сияқтымыз. Ештеңе түсінбегесін БАҚ-қа, үкіметтік емес және халықаралық ұйымдарға барады. Сондықтан да сын айтуда. Мұны қалай түзетуге болады? Жауапты түсінікті тілмен беру керек. Тіпті білімі жоқтың өзі бізді оңай түсінуге тиіс. Арыз берушінің барлық дәлелдерін нөмірлеу керек және оларға дәлел келтіріп жауап беру керек, - деді Ж.Асанов.
Айтпақшы, прокуратура қызметкерлері арасынан төтеден төге сөйлейтін тапқыр да ақылды, ал нақыл, қомақты ойларымен тыңдағанды таңдай қақтырар шешен адамдар ізделуде. Сөзге шебер, тілге жүйрік бұл азаматтар осы ведомство қызметін бейнелі де көркем сөзбен түсіндіріп, елдің прокуратураға деген сүйкімі мен сенімін арттырулары керек. «Сәуірде Мемлекет басшысы біздің халыққа заңды түсіндірмейтінімізді айтты. Мойындауымыз керек, бізде халықпен «кері байланыс» жолға қойылмаған. Сондықтан ораторлар пулын құрдық. Олар өңірлерге шығып жүр. Азаматтармен кездеседі. Сұрақтарға жауап береді және құқықтарын түсіндіреді. Бұл практиканы дамытатын боламыз. Өңірлерде де жергілікті ораторлар қажет!» деді Бас прокурор.
Сөз соңында Жақып Асанов елдегі қылмыстылықтың жай-күйіне тоқталды. Өткен жылмен салыстырғанда ол шамалы төмендепті. Адам өлтіру мен ұрлық 12%-ға қысқарды (тиісінше, 480-нен 423-ке; 6853-тен 6035-ке дейін), бұзақылық пен зорлау үштен бірге азайды (13859-дан 8502-ге дейін; 1382-ден 979-ға дейін). Ал ұрлық 7%-ға өсті (103 150-ден 110 691-ге дейін).
Прокуратура қызметкерлері үшін үлескерлер ісі үлкен жұмыс болып тұр екен. «Көптеген адамдар пәтер туралы армандай отырып, барлық жинағанын жұмсайды. Бірақ оларды алдады. Бұған тосқауыл қою үшін арнайы заң қабылданды, қатаң шарттар жазылды. Сонда да салушылар жолын тапты: үлескерлік емес, «инвестициялық шарттар» жасаса бастады. Бұл бизнестегідей, бірақ тұрғын үйді салып бітіру кепілдендірілмейді. Содан 60 проблемалы объекті пайда болды. «Азбука жилья», «Аль-Баракат», «Тамыз» және тағы басқада 9 мың отбасы баспанасыз. Прокурорлар өз тарапынан жедел тергеуді, кінәлілерді жазалауды және залалды өтеуді қамтамасыз етуге тиіс. Қазан айынан бастап жаңа заң күшіне енеді. Ол бойынша енді салушыларға азаматтардың ақшасын тарту тек «үлестік қатысу туралы шарт» бойынша ғана мүмкін болады» деген Бас прокурор өздерінің «Алдаусыз үлестік баспана» жобасын іске қосатындарын мәлімдеді.
Алқа жұмысының қорытындысы бойынша Жақып Асанов қадағалау және құқық қорғау қызметінің тиімділігін арттыру бойынша бірқатар міндеттер қойды. Жер қатынастарын реттеу, еңбек дауларының алдын алу, үлескерлер мен ипотекашылардың құқықтарын қорғау, теріс пиғылды құрылысшылардың қызметіне бақылауды күшейту мәселелері прокурорлардың ерекше назарын талап ететін неғұрлым өзекті проблемалар ретінде белгіленді. Осы жұмыстардың аясында үлескерлік құрылысқа қатысушыларды қорғауға бағытталған жаңа заңнамалық өзгерістерді түсіндіру бойынша ауқымды ақпараттық жұмысты ұйымдастыру тапсырылды.
Сондай-ақ экстремистік көріністердің профилактикасына, терроризм қаупін, олардың қоғам мен мемлекетке тигізетін теріс әсерлерін азайтуға бағытталған жүйелі жұмысты қамтамасыз ету жүктелді. Кәсіпкерлікті қорғау саласында мемлекеттік органдардың бизнеске заңсыз араласуынан қорғау кепілдігін қамтамасыз ету, негізсіз тексерістер санын қысқарту міндеті қойылды. Бас прокурор барлық тапсырмаларды тиімді жүзеге асыруды, кемшіліктерді жою, қадағалау органының жұмыс тиімділігінің басты индикаторы болып табылатын халықтың сенімін арттыру бойынша тиісті шараларды қабылдауды талап етті.