Прокуратура үйдің құлағандығы туралы жалған видео таратқан азаматты анықтады
Бұл туралы Шығыс Қазақстан облысы прокуратурасының баспасөз қызметінен хабарлады.
«Оқиға 24 мамырда тіркелген. Семей қаласының тұрғыны ғаламтордан басқа елде үйдің құлағаны туралы видеоны көріп, оны ғаламторда таратып жіберген. Ол өзінің компьютерінен «Шұғыл. Төтенше жағдай. Эксклюзив. Қазақстан. Семей қаласы. Бүгін күндіз 14.23-те тұрғын үй құлады, 2017 жылдың 24 мамыры» деген жазбамен видеоны YouTube бейнехостингіне жариялаған. Таралған видео халықты дүрліктірді», - деп хабарлады құзырлы ведомстводан.
Ішкі істер органдары сотқа дейінгі тергеу жүргізу барысында видеоны таратқан азаматтың кім екенін анықтаған. Қазіргі кезде тергеу аяқталып, Семей қаласының прокуратурасы қылмыстық істі сотқа жолдады.
Қадағалау органы осы тектес ақпаратты бұқаралық ақпарат құралдары немесе телекоммуникация желілері арқылы таратқаны үшін Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 274-бабына сәйкес қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын ескертеді.