Прокуратура: Юрий Пактың дауысына 6 сараптама жүргізілді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Лаңкестік әрекет орын алуы мүмкіндігі жөнінде жалған ақпарат бергені үшін сотталған Юрий Пактың дауысын анықтау үшін 6 сараптама жүргізілді. Бұл туралы Қарағанды облыстық прокуратурасы мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Прокуратура: Юрий Пактың дауысына 6 сараптама жүргізілді

«Физика пәнінің мұғалімі Ю.Пактің сотталу фактісі бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде кеңінен талқыланып, оның негізсіз сотталғандығы туралы қоғамдық пікірді қалыптасып отыр. Осыған орай аталған қылмыстық іс бойынша қылмыстың жай-жапсарын түсіндіру қажеттігі туындап отыр. Пакқа тіркелген ұялы телефоннан «112» жедел қызметіне «ЦУМ» сауда үйіне бомба қойылғандығы туралы ақпарат түсті. Террористік акті туралы ақпараттың нәтижесінде сауда үйіне жедел қызметтер мен құқық қорғау органдары барды. Сауда үйінен 3 мыңнан астам адам қауіпсіз жерге көшірілді. Қазыбек би аудандық соты айыптаушы тараптың да, қорғаушы тараптың да дәлелдерін тыңғылықты тексеріп, оның нәтижесінде сот айыптау үкім шығарды», - деп хабарлады облыстық прокуратурадан.

Ведомство ақпаратына сәйкес, Пак сотқа дейінгі және сот кезіндегі тергеу барысында қылмысқа өзінің қатысы жоғын, ұялы телефонын біреулердің пайдаланғанын, ал тергеу барысында алынған дауыс үлгісі өзінікі еместігін айтқан. Сотқа дейінгі кезеңде Қарағанды мен Алматыда 3 фоноскопикалық және 1 кешенді компьютерлік-технологиялық сараптама жүргізілген. Оның үшеуінде дауыстың Пакқа тиесілі екендігі дәлелденген.

«Сот отырыстары барысында Пактың дәйектерін тексеру мақсатында соттық бастамашылығымен қосымша тағы 2 сараптама (Алматы қаласында қосымша видео-фонографиялық және компьютерлік технологиялар құралымен қосымша сараптама) тағайындалды. Нәтижесінде дауыстың Паққа тиесілі екендігі расталды. Пактың дауыс үлгісін алу барысында процессуалдық бұзушылық анықталған жоқ. Сот Пактың кішкентай баласының болуын және оның жағдайын ауырлататын жайттардың болмауын ескеріп, бас бостандығына 2 жылға айыру түріндегі ең төменгі жазаны тағайындады. Қазіргі уақытта үкім заңды күшіне енген жоқ. Осыған орай, қоғам назарына аталған қылмыстың ауыр санатқа жататындығын, оған сәйкес 6 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделгендігіне аударғым келеді», - деді облыстық прокуратурадан.