Прокуратура Жамбыл облысында құлаған «Ан-2П» ұшақ апатының себебін атады

«Қазақстан Республикасы Бас көлік прокуратурасының арнайы прокурор басшылық еткен тергеу тобы 2015 жылы 20 қаңтарда Жамбыл облысы «Шатыркөл» кенішінің маңында құлаған «OLIMP AIR» ЖШС әуе компаниясының «Ан-2П» ұшақ апатына қатысты сотқа дейінгі тергеуді аяқтады. Қазақстан Республикасы Инвестиция және даму министрлігінің ведомстволық Комиссиясы тәуелсіз әуе мамандарын тарта отырып, апатқа себеп деп болжанған оқиғалардың барлығын тексерді. Анықталғандай, апатқа метерологиялық жағдай нашар кезде, яғни, тұманды ауа райында бұрыс әрекеттер жасаған және жер бағдарларын көруге мүмкіндігі болмаса да, ұшу биіктігін сақтамаған экипаждың әрекеті себеп болған. Ұшақ ішіндегі биіктікті өлшейтін радиоөлшеуіш сөндірулі болған», деп хабарлады көлік прокуратурасы. Экипаж мүшелерінің барлығы қаза тапқандықтан, әуе кемесін пайдалану және қозғалыс қауіпсіздігін бұзу баптары бойынша экипаж мүшелеріне қатысты қылмыстық іс тоқтатылды. Естеріңізге сала кетейік, 2015 жылдың 20 қаңтарында Жамбыл облысында «Ан-2П» ұшағы құлап, борттағы алты адам қаза тапса, ауыр жарақат алған Ә.Шаяхметова ғана аман қалған еді.