Прокуратура жол-көлік апатының шынайы статистикасын көрсететін «Апаттылық картасы» интерактивті жобасының тұсауын кесті

АСТАНА. 1 тамыз. ҚазАқпарат - Бүгін Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінде «Апаттылық қартасы» атты интерактивті жаңа жобаның тұсау кесері болды. Аталмыш порталға http://service.pravstat.kz/map.html электронды мекен-жайы арқылы кіруге болады.

Прокуратура жол-көлік апатының шынайы статистикасын көрсететін «Апаттылық картасы» интерактивті жобасының тұсауын кесті

Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің прокуроры Рүстем Әбдірахмановтың айтуынша, жаңа жобаны жасауға еліміздің жолдарында болып жатқан жол апаттары, өлім-жітімдер мен түрлі зардаптар себеп болып отыр.

«Мәселен, 2010-2011 жылдары жол қозғалыстарына жүргізілген көлемді прокурорлық тексерулер жол көлік оқиғалары мен оларда қаза болғандардың санын жол полиция органдары көбіне жасырып келгенін анықтап берді. Сондықтан оған алдын алу шаралары қолданылмаған. Жол-көлік саласындағы жарақат пен өлім-жітімнің шынайы статистикасын жүргізу мақсатында адамдардың өліміне және жарақат алуына әкеп соқтырған жол-көлік оқиғасын есепке алу 2011 жылдың шілде айынан бастап Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетке жүктелді. Нәтижесінде жол апаттарының көлемі тіркелген мәліметтерге қарағанда әлдеқайда жоғары болып шықты», - дейді Р. Әбдірахманов.

Тоқтала кететін жайт, прокуратура есебі бойынша өткен 7 ай ішінде жол-көлік оқиғаларының саны өткен жылмен салыстырғанда 49 пайызға өскен.

«Жол апатынан зардап шеккендер саны да артып отыр. Мұндай мәліметтерді көпшілік күнделікті пайдалану үшін жалпы жол-көлік статистикасының географиялық қартасы жасалды. Енді адамдар қаза болған немесе жарақат алған жол-көлік оқиғалары есепке алынып, деректер қорына енгізілгеннен кейін ол мәліметті бірнеше минут өткеннен соң-ақ қартадан көретін болады», - дейді Р. Әбдірахманов.