Прокуратурада, соттарда мемлекет мүддесіне өкілдік жасаудың басым бағыттарына арналған семинар өтеді
Шараға сотта мемлекет мүддесіне өкілдік жасайтын облыс және оған теңестірілген прокуратуралардың сот қаулылары заңдылығын қадағалау басқармасының басшылары қатысатын болады. Бұл туралы ҚазАқпарат ҚР Бас прокуратурасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
«Төрт күнге созылатын шара кезінде тыңдаушыларға елімізге танымал ғалымдар, заңгерлер, Жоғарғы сот судьялары, әкімшілік соттың судьялары сонымен бірге, Бас прокуратураның салалық бөлімше басшылары және Институттың сарапшылары дәріс оқиды. Прокуратура органдары қызметкерлерінің біліктілігін арттыруды көздейтін семинардың басты мақсаты - сотта мемлекет мүддесіне өкілдік жасау және сот шығарған үкімдер мен қаулылардың заңдылығын прокурорлық қадағалау саласындағы өзекті мәселелерді талқылау болып табылады», - делінген баспасөз айғағында.
Семинар жұмыстары аяқталған соң қорытынды бойынша оның тыңдаушыларына арнайы сертификат табыс етіледі.