Прокуратураның араласуымен Астанадағы «Спорт Инжиниринг» компаниясы жұмыскерлерге 1 млн. теңгеден астам берешегін өтеді
АСТАНА. 30 қаңтар. ҚазАқпарат /Жасұлан Жолдыбаев/ - «Спорт Инжиниринг» ЖШС өзінің қол астындағы жұмыскерлері алдындағы 1 млн. теңгеден астам еңбекақы берешегін өтеді, деп хабарлайды Астана қаласы прокуратурасының баспасөз қызметі.
Астана қаласы «Есіл» ауданының прокуратурасы «Спорт Инжиниринг» ЖШС жұмыскерлерінің арызы бойынша тексеру жүргізген.
Тексеру кезінде компанияда өзінің 19 жұмыскері алдында 1 228 000 теңге көлемінде еңбекақы берешегі бар екендігі анықталды. Прокуратура ЖШС басшылығына заңбұзушылықты жою туралы ұйғарым енгізіп, онда берешектің дереу өтелуін талап етті.
Бүгінгі күнде прокурорлық қадағалау актісі орындалып, жұмыскерлерге берешек толығымен өтелді, осылайша, олардың конституциялық құқықтары қорғалды.
Астана қаласы бойынша бақылау және әлеуметтік қорғау департаментінің мәліметтері бойынша, бұдан бұрын аталмыш компания еңбек заңнамасын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған болатын.
Алайда, уәкілетті орган тарапынан қабылданған шараларға қарамастан, арызданушылар талаптарының толығымен қанағаттандырылмауы олардың прокуратураға қайта шағымдануына негіз болды.