Прокуратураның бірнеше санкциясы сот жүйесіне өтеді

ЩУЧЬЕ. ҚазАқпарат - ҚР құқық қорғау қызметі негіздерін жаңғырту туралы жаңа заң жобасына сәйкес, куәландыру кепілі, үлгілерді алу және құпия тергеу амалдары жөніндегі үш санкция прокуратурадан сотқа өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Прокуратураның бірнеше санкциясы сот жүйесіне өтеді

Бұл туралы ҚР Бас Прокурорының орынбасары Марат Ахметжанов Бурабайда өткен «Қазақстандағы қылмыстық процесс: жаңғыру жолдары» конференциясында мәлім етті.

«Қылмыстық процестегі көптеген санкциялар сотқа беріледі. Бұл - 100 нақты қадам ұлт жоспарын жүзеге асыру болып саналады. Қазір де көптеген санкцияларды сот береді. Енді куәландыру кепілі, үлгілерді алу және құпия тергеу амалдары жөніндегі үш санкция прокурорлардан сотқа өтеді», - деді ҚР Бас Прокурорының орынбасары Марат Ахметжанов Rixos Borovoe қонақ үйінде өткен жиында.

М.Ахметжановтың айтуынша, санкцияны алу тәртібі де едәуір оңтайланады. Мәселен, тінтуге санкция алу үшін тергеуші прокурорға хабар береді де, тікелей сотқа барады. Мұнда прокурордың өкілеттігіне еш нұқсан келмейді. Егер прокурор санкциямен келіспесе, өз ұстанымын акт ретінде сотқа жолдай алады. Сот арнайы отырыс тағайындап, прокурордың өтінішін қарайды.

Сондай-ақ, бостандық құқығына қатысты үш санкция прокурорлар құзіретінде қала бермек.

«Прокурор арқылы сотқа үш санкция барады. Олар: қамауға алу, үй қамақ және экстрадициялық қамау. Мұнда бостандық құқығы қозғалатындықтан, ешқандай оңтайландыруға жол берілмеуі тиіс. Аталған үш санкция бойынша, міндетті түрде сот отырыстары өтеді, онда бәрі ашық әрі әділ болады. Тараптардың өтініші болса немесе өзге де санкциялар туындаса, сот отырысында қаралады», - деп өз сөзін түйіндеді ҚР Бас прокурорының орынбасары.