Прокуратураның наразылығымен Астана қаласы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының іс жүргізуді қысқарту туралы қаулысының күші жойылды
АСТАНА 5 қыркүйек. ҚазАқпарат - Астана қаласы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2012 жылғы 11 шілдедегі қаулысымен ҚР ІІМ Дипломатиялық өкілдіктерді қорғау жөніндегі полиция полкі техникалық қызмет тобының (бұдан әрі - Полк) инспекторы
Д.О.Әбілғазинге қатысты Астана қаласы Алматы ауданы бойынша салық басқармасына 2011 жылға жеке табыс салығы туралы декларация тапсырмау фактісі бойынша іс жүргізу қысқартылған. Бұл туралы Астана қаласы прокуратурасының баспасөз қызметі хабарлады.
Сот бұл шешімін ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің (бұдан әрі - ӘҚтК) 35-бабы 1-бөлігіне сәйкес Д.О.Әбілғазин ішкі істер органының қызметкері ретінде тиісті құқық қорғау органында қызмет өткеру тәртібін реттейтін нормативтік құқықтық актілер бойынша жауапкершілікке тартылуы тиіс деп негіздейді. Осыған байланысты Д.О.Әбілғазинді тәртіптік жауапкершілікке тарту туралы мәселені шешу үшін әкімшілік іс материалдарын Полкке жолдаған.
Алайда, сот ҚР ӘҚтК 35-бабы 2-бөлігінде көзделген салық заңнамасы ережелерін бұзған адамдар жалпы негізде әкімшілік жауапкершілікке тартылуы тиіс деген талаптарды ескермеген.
Осыған орай Астана қаласының прокуратурасы аталған сот актісіне наразылық келтірді, Астана қаласы сотының ұйғарымымен аталған наразылық толық қанағаттандырылып, Д.О.Әбілғазин 100 АЕК мөлшеріндегі айыппұл түрінде әкімшілік жауапкершілікке тартылды.