Прокуратураның шешімі бойынша пойызда жанжал шығарғандарға қатысты ешқандай шара қолданбаған полиция қызметкері сыбайлас жемқорлық бабы бойынша жазаланды

ҚАРАҒАНДЫ. 13 қаңтар. ҚазАқпарат /Валентина Елизарова/ - Жезқазғанның көлік прокуратурасы пойызға мас күйінде отырып, жанжал шығарушыларға қатысты арыз берген жолаушы азаматшаның сөзіне құлақ аспағаны үшін көліктік полиция қызметкерін сыбайлас жемқорлық бабы бойынша қызметтік жауапкершілікке тартты.

Прокуратураның шешімі бойынша пойызда жанжал шығарғандарға қатысты ешқандай шара қолданбаған полиция қызметкері сыбайлас жемқорлық бабы бойынша жазаланды

Бұл туралы Жезқазғанның көлік прокуроры Нұрғали Асқанбеков хабарлады.

«Оқиға «Қарағанды-Жезқазған» бағытымен жүретін пойыз ішінде болған. Жолаушы әйел азаматша Қарағанды-Сортировочная желісі ішкі істер бөлімінің полиция қызметкеріне келіп, оған балағат сөздер айтып, тиісе бастаған мас жолаушыларды тыныштандыру туралы арыз айтады. Полиция қызметкері қоғамдық тәртіп бұзушыларға қатысты шара қолданудың орнына, әйелдің арызын жыртып, терезеден лақтырып жіберген», - дейді Н.Асқанбеков.

Жезқазғанға жеткен соң азаматша жазбаша түрде көліктік прокуратураға жүгініп, полиция қызметкері үстінен арыз береді. «Тексеру қорытындысы бойынша арызда айтылған фактілер дәлелденді. Көліктік полиция қызметкерінің іс-әрекеті жемқорлық мазмұндағы құқық бұзушылық, яғни шара қолдануда тәртіп бұзушыға басымдық бергендік деп бағаланды», - дейді прокурор.