Прокурор бұрынғы әкім Бергей Рысқалиевті 17 жыл түрмеге қамауды сұрады
«Мемлекеттік айыптаушы экс-әкім Бергей Рысқалиевті 17 жылға, оның ағасы Аманжан Рысқалиев пен компания басшыларының бірі Рүстем Алькабасовты - 16 жылға соттауды, ал қалған сотталушыларға 8 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын беруді сұрап отыр», - деп ақпараттандырады Атырау облыстық сотының баспасөз қызметінен.
Еске сала кетейік, Атырау облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Атырау облысының бұрынғы әкімі Бергей Сәулебайұлы Рысқалиевтің ұйымдасқан қылмыстық ісіне қатысты басты сот талқылауын аяқтады. Б. Рысқалиевке ҚР Қылмыстық кодексінің 176-бабының 4-бөлігінің «а, б» тармақтарында, 177-бабының 3-бөлігінің «а, б» тармақтарында, 192-1 бабында, 235-бабының 4-бөлігінде, 235-1 бабының 4, 5-бөлігінде, 307-бабының 4-бөлігінде, 311-бабының 5-бөлігінде көрсетілген қылмыстық құқық бұзушылықтарды жасады деген айып тағылған.
Атырау облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты процесс қатысушыларына сот пікірталасына келуге 2019 жылғы 14 қаңтардың таңына дейін мерзім берілгені хабарланған.
Бұрынғы әкім Б. Рысқалиевпен бірге, қазір Қазақстан аумағынан тыста, сотқа келмей жүрген А. Рысқали, Р. Альбакасов, М. Желдібаев, Е. Ізбасар, Н. Жұлмағамбетов, А. Сүлейменов және А. Даневичтер де сырттай сотқа тапсырылды.
"Сотталушылардың барлығына ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 330, 383 және 384-баптарына сәйкес, олардың сот жарыссөздеріне қатысуға, сондай-ақ соңғы сөзін айтуға құқылы екені түсіндіріледі. Бұл үшін олар белгіленген уақытта Атырау облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына келуі тиіс", - делінген облыстық соттың хабарламасында.
Автор: А.Соколов