Прокурорлар Атырау облысының дәріханаларын тексеріп жатыр

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысында прокурорлар дәріханаларды тексеріп, алып-сатарлармен күрес жүргізіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Прокурорлар Атырау облысының дәріханаларын тексеріп жатыр

«Облыс прокурорының қаулысымен құқық қорғау және мемлекеттік орган қызметкерлерінен тұратын арнайы жұмыс тобы құрылды. Бүгінде облыс прокуратурасы дәрі-дәрмектерді бағасын асырып сатудың 30 фактісін анықтаған. Өкілетті орган сегіз дәріхананы әкімшілік жауапқа тартты. Әрбір дәріханаға 361 140 теңге көлемінде айыппұл салынды», - деп мәлімдеді облыс прокурорының аға көмекшісі Қанат Қабдолова.

Ол облыстық прокуратурамен бірлескен жұмыс кезінде құқық қорғау органдары дәрілер мен медициналық бұйымдарды заңсыз сатудың алты фактісі анықталғанын баяндады. Бұл дәрі-дәрмектер тиісті тіркеусіз үйде, бағасы асырылып сатылған. Тергеу барысында заңсыз айналымнан 7500 дәрілік препарат, 180 000 медициналық маска алынған. Олардың барлығы денсаулық сақтау басқармасына тапсырылады.

Виктор Сутягин