Прокурорлар кәсіпкерлер құқын қорғады
Бұл туралы ҚазАқпарат ҚР Бас прокуратурасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
«Атап айтқанда, Абай ауданының прокуратурасы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің агроөндірістік кешенінің Абай аудандық аумақтық инспекциясының міндетті сақтандыру шарттарын бекітуге міндетті тұлғалардың аталған шарттарды бекітуден жалтару деректері бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша шығарған қаулыларының заңдылығына тексеріс өткізді. Тексеріс барысында министрліктің агроөндірістік кешенінің Абай аудандық аумақтық инспекциясы 2010 жылы 16 шаруа қожалықтарының басшыларын ҚР «Өсімдік шаруашылығындағы міндетті сақтандыру туралы» Заңының талаптарын бұзып, өсімдік шаруашылығында міндетті сақтандыру шарттарын бекітпегендері үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекс бойынша жауапкершілікке тартқаны анықталған. Ал кәсіпкерлердің түсініктемелеріне сәйкес олар міндетті сақтандыру шарттарын сақтандырушыларда өсімдік шарушылығындағы міндетті сақтандыру шарттарының бланктері болмауына байланысты бекіте алмаған. Осыған орай, прокурорлық тексеріс барысында Қарағанды облысының аумағында өсімдік шаруашылығындағы міндетті сақтандырумен тек үш сақтандыру компаниялары айналысатыны анықталды. Сонымен қатар, аталған үш сақтандыру компаниясының да Абай ауданының аумағында өкілдіктері жоқ, ал бұл ҚР «Өсімдік шаруашылығындағы міндетті сақтандыру туралы» Заңы тармақшасына қайшы келіп отыр. Демек, шаруа қожалықтары басшыларының міндетті сақтандыру шарттарын бекітуден жалтару деректерінің жеткілікті дәлелдері табылмаған және олардың кінәсі дәлелденбеген», - делінген баспасөз айғағында. Бұдан бөлек, прокуратура өкілдері 2010 жылы Абай ауданының жергілікті атқарушы органының заң талаптарын бұза отырып, өсімдік шаруашылығы саласындағы міндетті сақтандыру жұмыстарын тиісті түрде ұйымдастырмағандығын анықтап отыр. «Ауданда аумақтың табиғи-климаттық ерекшеліктеріне сәйкес өсімдік шаруашылығының түрлері бойынша егін егу жұмыстарын бастау және аяқтаудың оңтайлы мерзімдері белгіленбеген. Сонымен қатар, жоғарыда аталған сақтандыру компанияларының өтініш нысандарының бланктері мен сақтандыру шарттарының болмауын сылтауратып міндетті сақтандыру келісімшарттарын бекітуден жалтару деректерінің дәлелденуі де ауданның жергілікті атқарушы органының өсімдік шаруашылығы саласындағы жұмысты тиісті түрде ұйымдастырмағанын көрсетеді. Осыған қарамастан, барлық 16 шаруа қожалықтарының басшылары әкімшілік құқық бұзушылық жасауда заңсыз түрде кінәлі деп танылып, 71 000 теңгеден 141 000 теңгеге дейінгі әкімшілік айыппұлдар төлеуге жазаланған. Осыған байланысты, аудан прокуратурасы Абай аудандық сотына наразылықтарын енгізіп, сот жалпы сомасы 1 млн. 660 мың 275 теңге құрайтын әкімшілік айыппұлдар төлеу шарасын да бұзды», - делінген баспассөз айғағында.